Залал – 65,6 млн теңге: екі жыл бұрынғы ұрлықтың беті ашылды

Azattyq Rýhy

Оқиға 2022 жылдың 31 қаңтары мен 16 наурызы аралығында болған

Залал – 65,6 млн теңге: екі жыл бұрынғы ұрлықтың беті ашылды
Фото: Ақмола облысының полиция департаменті

Ақмола облысында бұрын жасалған аса ірі көлемдегі ұрлық ашылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство мәліметінше, 2022 жылғы 7 шілдеде Көкшетау қаласының полиция басқармасына облыстық орталық кәсіпорындарының бірінің бухгалтерінен ұйымның қоймасынан белгісіз тұлғалар 2 мыңға жуық сыра кегін ұрланғаны туралы өтініш келіп түсті. Залал сомасы 65 млн 600 мың теңгені құрады.

«Тергеу барысында 2022 жылдың 31 қаңтары мен 16 наурызы аралығында зиянкестер кілттерді таңдау арқылы кәсіпорынның қоймасына кіріп, тауарды жүк көлігімен бөлшектеп әкеткені анықталды.

Осы қылмысты жасағаны үшін тергеу және арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Ақмола облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктілерді ұстады, олар Зеренді ауданының 41 жастағы тұрғыны және бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған Көкшетау қаласының 30 және 40 жастағы екі тұрғыны болып шықты.

Қылмыстық жолмен өндірілген өнімді қаскүнемдер елордаға жеткізіп, ұрланған тауарды жақын шетелге экспорттағаны белгілі болды», - делінген хабарламада.

Ұрлық фактісіне қатысты ҚР ҚК 188-бабының 4-бөлігі «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.