Қордайда табиғи апаттан кейін қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр
Соғанды-Бетқайнар автожолындағы көпірді жөндеу жұмысы жүргізілуде
Жамбыл облысының Қордай ауданында табиғи апаттың салдарын жою жұмысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңір әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүлінген үйлердің аулалары қоқыстан толығымен тазартылған.
«Қазіргі уақытта Беріктас және Соғанды ауылдық округтерінде бүлінген инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде. Беріктас ауылында 219 абонент газға қосылған, 6 аулада тазалау жұмысы жүргізілген», - делінген хабарламада.
Осы ауылдағы екі бригада және Соғанды елді мекеніндегі үш бригада электр желілерін құрды, барлық үй газ бен электр қуатына қосылды.
«ҚазТрансГазАймақ» газ құбырын қалпына келтіру жұмысын жалғастыруда.
Мәліметке сәйкес, Қақпатас өзенінің арнасын ағаштардан тазартуға 30 адам жұмылдырылды.
Сонымен қатар, Соғанды-Бетқайнар автожолындағы көпірді жөндеу жұмысы жүргізілуде.
Айта кетейік, 17 шілдеде қатты жел мен нөсердің салдарынан Қордай ауданының бірнеше ауылдық округінде таулы жерлерде су ағыны болған. Елді мекендер электр қуаты мен газсыз қалды, жел үйлердің шатырын қиратқан, Соғанды-Бетқайнар автожолындағы көпір ішінара зақымданған.