Мемлекет басшысы түркі елдерінің басшылары алдында Каспий мен Арал мәселесін көтерді
Теңіздің тартылу мәселесі талқыланды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысып, Каспий және Арал теңіздеріндегі экологиялық мәселелерді шешу үшін бірлескен күш-жігер қажет екеніне назар аударды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
– Каспий теңізінің логистикалық әлеуетін арттыру маңызды дедік. Бірақ ондағы экология мәселелерін де назардан тыс қалдырмау қажет. Мысалы, өзекті түйткілдің бірі – теңіздің тартылуы. Оның қоршаған ортасын, флорасы мен фаунасын қорғау да – аса маңызды міндет. Каспийді құтқару үшін нақты шешімдерді пысықтау керек. Осы ретте, түркі елдері ғалымдарының ықпалдастығын жандандыратын кез келді. Сонымен қатар Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы – алаңдатарлық мәселе. Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керек. Бұған қоса, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану қажет. Ол үшін су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану керек, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, бүгінгі басқосудың маңызды мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік бергенін атап өтіп, осындай кездесулер түркі әлемінің халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға және бауырластық байланыстарды нығайтуға зор үлес қосатынын айтты.