Тәжікстан билігі Қазақстанға наразылық нотасын жолдады
Оған НТК телеарнасындағы телесериал себеп болған

Тәжікстанның Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын жолдады, делінген тәжік вдеомствосының Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Тәжікстан тарапы НТК телеарнасынан көрсетілетін «Патруль» телесериалындағы эпизодқа байланысты наразылық білдірген. Аталған телетуындының соңғы сериалдарының бірінде басты рольді сомдаған «полицейлер» тәжік мигрантына көліктерін жуғызып, оны ұлтына қарап кемсіткен көрінеді. Мұны Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі ұлтаралық алауыздықты қоздыру деп бағалап отыр.
«Тәжікстан СІМ 2020 жылдың 27 сәуірінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын жолдап, «Патруль» сериалын түсірген «B.A.S production» продюсерлік орталығы мен оған тапсырыс берген «Независимый Телевизионный Канал» ЖШС-нің әрекетіне құқықтық баға беруді, сондай-ақ, ҚР заңнамаларына сәйкес жала жабу, қасақана ұлтаралық алауыздықты қоздыру әрекеттеріне қатысты жедел шара қолдануды талап етті», - делінген Тәжікстанның Сыртқы істер министрлігі таратқан хабарламада.
Айта кетейік, отандық телеарнада көрсетілген телесериалдың бір эпизодында «полицейлер» мемлекеттік тілді білмейтін еңбек мигрантын ұстайды. Тәртіп сақшылары оны алдымен бөлімшеге апарып, кейін көлігін жуғызады. Артынша аталған мигранттың Тәжікстанның елшісі екенін айтады.