Қарағанды облысында карантиндік шаралар жеңілдетілді
Теміртауда ғана ерекше жағдай сақталады

Қарағанды облысында карантиндік режимді жеңілдету енгізілді. Бұл туралы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Сала басшысының мәлімдеуінше, тек Теміртауда ғана ерекше жағдай сақталады. Металлургтер қаласында қатаң санитарлық нормаларды сақтай отырып, тек құрылыс нысандары, ТҚС, шиномонтаж шеберханалары, автожуу орындарына ғана жұмыс істеуге рұқсат етілген.
«Қарағанды облысының басқа қалалары мен аудандарына келетін болсақ, жеңілдіктер тұрғындарға саяжай учаскелеріне шығуға мүмкіндік береді, қоғамдық көлік жұмысын бастайды, өнеркәсіптік кәсіпорындардың, сондай-ақ бірқатар нысандардың қызмет көрсетуіне рұқсат береді», - дейді Қанат Асқаров.
Мысалы, тұрғындарға:
- санитарлық-эпидемиологиялық нормаға сай, сағат 05.00-ден 22.00-ге дейін адамдар көп жиналмай, аула маңында жаяу серуендеуге (қол алысып амандаспау, кемінде екі метр қашықтықты сақтау, міндетті түрде бетперде кию және антисептиктерді пайдалану);
- саяжай учаскелеріне шығу. 5 адамнан артық шығуға болмайды (өз балаларымен, туысқандарымен);
- Теміртаудан басқа, облыстың барлық аумағында жеке машиналарда рұқсат етілген қызмет түрлері бойынша жүруге болады. 22.00-ден 05.00-ге дейін жүруге тыйым салынады.