Сонымен қатар жеке қорғаныс құралдарын пайдалану міндеттеледі
1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары арасында күніне 4 рейс қатынайды. Оның ішінде 2 рейсті «Air Astana», 1 рейсті «Fly Arystan» және 1 рейсті «SCAT» әуе компаниясы орындайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Билеттер бүгіннен бастап сатыла бастайды. Әуе компаниялары олардың бағасын рейстер тоқтатылғанға дейінгі деңгейде сақтауға міндеттеме алады. Әрі қарай жағдай жақсарып жатса, рейстер санын және әуе кемелерінің сыйымдылығын арттыру мәселесі қаралады. Рейстер Денсаулық сақтау министрлігінің Көліктегі бас санитарлық дәрігері бекіткен санитарлық талаптардың күшейтілген нормаларын сақтай отырып жүзеге асырылады», - деп жазылған хабарламада.
Атап айтқанда, жолаушыларда COVID-19 тестінен өткені және оның нәтижесі теріс болғаны туралы анықтама болуы қажет (анықтаманың қолданылу мерзімі - берілген күннен бастап 7 күн). Сонымен қатар жеке қорғаныс құралдарын пайдалану (бетперделер, қолғаптар) міндеттеледі. Термометрия, әлеуметтік қашықтық сақтау, әуежайлар мен әуе кемелерін күшейтілген негізде залалсыздандыру секілді талаптар қойылады. Санитарлық қауіпсіздік талаптары бойынша аталған рейстерде бортта тамақ берілмейді.