Қосшылық екі оқушы ҰБТ-да үздік нәтиже көрсетті
Олар Ұлттық біріңғай тестілеуде жоғары балл жинап, көпті тәнті етті
Қосшылық оқушылар ҰБТ-дан үздік нәтижелер көрсетіп жатыр. Қосшы қаласындағы Р.Қошқарбаев атындағы мектеп оқушысы Айым Ержанова ҰБТ-дан 140 балл жинаса, ал қаладағы мектеп-гимназияның оқушысы Мардан Күншығаров 140-тан 139 балл жинап рекорд орнатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҰБТ-дан ең жоғары ұпай жинаған қосшылық оқушы Айым Қосшы мектебін «Алтын белгімен» бітірген.
Айым Ұлттық біріңғай тестілеуде максималды 140 балдың 140-ын жинап, көпті тәнтті етті. Атап айтқанда, Қазақстан тарихынан 20, Оқу сауаттылығы 10, Математикалық сауаттылық 10, екі бейіндік пәннен мүмкін болған 50 сұрақтың барлығына дұрыс жауап берген.
Қажырлығы мен білімге құштарлығы көптеген қатарласына үлгі-өнеге Айымның таңдау пәні – екі шет тілі. Ол тестілеуге дайындығын 10-сыныптан бастаған.
Айым 6 балалы отбасының тұңғышы. Ол қойған мақсат пен сенім сынақтан сүрінбей етуге әсер еткенін айтады. Қосшылық оқушы ата-анасының және сүйікті ұстаздарының артқан үмітін ақтағанына қуанышты.
«Білімге құштар жақсы орта тауып, олармен бірге тестке дайындалдым. Телефонға сағаттап отыру, әлеуметтік желіге кірмей, кітапқа көңіл бөлдім. Уақытымды тиімді пайдалануға тырыстым. Ата-анамның үмітін ақтағаныма қуанып тұрмын. Дүние жүзі тарихы және ағылшын тілі пәндерін таңдадым. Осы орайда ата-анама және ұстаздарыма алғыс айтамын. Алла қаласа, Еуразия ұлттық университетінен екі шет тілі мамандығын таңдап отырмын», - дейді Айым Ержанова.
Айымның анасы Әйгерім Тапенова қызының оқуына барынша қолдау білдіретінін жеткізді.
«Қосшы қаласында тұрамыз. 6 балам бар. Айым – тұңғыш қызымыз. Мектепті Алтын белгімен бітіріп, 100 мың теңге марапат алған болатын. Өзі өте қажырлы, оқуға ынталы болды. Бізде ата-ана ретінде мүмкіндігімізше оған қолдау білдіріп келеміз», - дейді анасы Айгерім Тапенова.
Қосшы қаласындағы мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Мардан Күншығаров 139 балл жинаған. Мардан бір балл жетпей қалғаны әрине өкінішті, бірақ 139 балл да өте жақсы көрсеткіш дейді.
«Менің отбасымда әкем мен анам және кішкентай қарындасым бар. Өзім Қызылордада туғанмын. Қосшы мектеп-гимназиясында 2023 жылдан бастап оқып, 11-сыныпты бітірдім. Мектепте көптеген іс-шараларға қатысып, белсенді болдым. Дебат клубына мүше болып, қалалық турнирлерге қатыстым. Адам алға қойған мақсаты болса, соған жетпейінше тынбауы керек. Білім үлкен еңбек пен шыдамдылықты, табандылықты қажет етеді», - дейді қосшылық үздік оқушы.
Мардан мектеп қабырғасында жүріп кішкентай балаларға тегін ағылшын тілін үйрететін курс ашқан.
«Өзім ағылшын тілін жақсы көремін, сол бағытта көп ізденемін. Мектеп қабырғасында жүріп те кішкентай сынып оқушыларына арнап тегін ағылшын тілі курсын аштым. Осы жылдың наурыз айында әлемнің 100 университеті қатарына кіретін City University of Hong Kong университетіне шақырту алып, оның грантын жеңіп алдым. Бұйыртса сол жақта білім алуды жалғастырып, кейін елге келіп қызмет еткім келеді», - деді Мардан.