ҚазҰУ-дың жері толығымен мемлекеттік меншікке өтті
Бүгін апелляциялық сот алқасы алғашқы шешімді күшінде қалдырды
ҚазҰУ-дың жері сот шешімі бойынша толығымен мемлекеттік меншікке өтті. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Facebook-тегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жер аманаты» республикалық жер комиссиясы аясында Алматы қаласы жер ресурстарын басқару Департаментінің талап арызы бойынша ҚазҰУ-дың заңсыз кеткен жері бойынша Алматы қаласы әкімдігінің 2007 жылдың 2 қазанындағы қаулысы мен бірқатар сатып алу сату шарттары 09 сәуір 2024 жылы Алматы қаласы мамандандырылған экономикалық соты шешіміне сәйкес заңсыз деп танылған болатын.
Бүгін, 2024 жылы 27 маусымда Алматы қаласының апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдырып, ҚазҰУ-дың көлемі заңсыз 0,7168 га жерінің (кадастрлік нөмірі: 20-313-009-029) қаулысы мен сатып алу сату шарттарын заңсыз деп таныды.
«Енді жер үстіндегі 10 қабатты бизнес орталығын Тимур Құлыбаев компаниялары Қазақ ұлттық университетіне беруі тиіс, мұны мен Парламент Мәжілісінің жалпы жиналысында Бас прокурорға үндеу жасағанда ескерттім. Бұл соттың шешімі әділдіктің шыңы, «Жаңа Қазақстанның» бастауы болғай. Осы соттың шешімі, «Жер аманаты» республикалық жер комиссиясы төрағасы Дәулет Кәрібек, Бақытжан Базарбек, Жер ресурстарын басқару Комитеті төрағасы Мұрат Баритұлы Теміржанов, Департамент басшысы Ержан Әмірбекұлы Ташпенбетовтың ортақ нәтижеміз деп есептейміз!», - деді Мәжіліс депутаты, «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Базарбек.