Еуропаның кейбір елдерінде карантин режимі жеңілдетіледі
Чехия азаматтарына шет елдерге шығуға рұқсат берді
Бүгіннен бастап Еуропаның бірқатар мемлекеті коронавирустың таратылуына байланысты енгізілген кейбір шектеулерді алып тастауға шешім қабылдады.
Мәселен, Чехияда азаматтарға шетелге баруға, сондай-ақ үйден тыс жерлерде он адамнан аспайтын ортада еркін жүріп-тұруға рұқсат етілген. 27 сәуірден бастап қызмет көрсету саласының кәсіпорындары мен дүкендер, фитнес орталықтары, кітапханалар мен хайуанаттар бақтары ашылады. Сондай-ақ костелдер мен шіркеулерде құдайға құлшылық етуге рұқсат берілуі мүмкін.
Хорватияда дүкендер ашылады, мамыр-маусым айларында қалааралық және халықаралық көлік қозғалысы іске қосылады, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің, спорт және мәдени орталықтардың жұмысы қайта жанданады.
Швейцарияда медициналық, стоматологиялық кабинеттер, сұлулық, массаж салондары, көлік жуу орындары және шаруашылық тауарларының дүкендері жұмыс істей бастайды.
Грекияда кейбір мемлекеттік қызмет органдары жұмысқа кіріседі. Ипотекалық кеңселер, бірінші инстанциялы соттар ашылады.
Грузияда жеңіл автокөліктер мен такси қозғалысына рұқсат беріледі, онлайн-сауда, кез келген өнімдерді жеткізу сервистерінің және ашық аграрлық базарлардың жұмысы жаңартылады.
Испанияда қатаң карантин режимі сақталады. Алайда, онда 14 жастан кіші балаларға серуендеу үшін үйден шығуға рұқсат беріледі.
Еске сала кетейік, әлемде коронавирус жұқтырғандардың қатары 3 млн-ға жуықтады, ал қауіпті індеттен көз жұмғандар саны 200 мыңнан асады.