Ертіс өзеніне 12 жастағы қыз бала суға батып кете жаздады

Автор: Azattyq Rýhy

Оқиға жағадан 15 метр қашықтықта болды

Фото: ҚР ТЖМ

Абай облысында суға батып бара жатқан жасөспірімді құтқарушылар дер кезінде құтқарып қалды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство мәліметінше, бүгін Семей қаласында Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушылары Руслан Масанов пен Рустам Бейісханов Ертіс өзенінде патрульдеу жүргізу барысында жағадан 15 метр қашықтықта батып бара жатқан 2012 жылы туған қыз баланы құтқарып, судан шығарды.

«Қазіргі уақытта құтқарылған адамның жағдайы тұрақты, медициналық көмекке мұқтаж емес.

ТЖМ азаматтарды суда қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады», – делінген хабарламада.