$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түркістан облысында «QAISAR» әскери-патриоттық жобасы аясында маңызды іс-шара өтті

Түлкібас ауданында жас мөлшері 35-ке толмаған, әскери міндетін өтеп келген 278 азамат бар екені анықталды

Түркістан облысында «QAISAR» әскери-патриоттық жобасы аясында маңызды іс-шара өтті

Бүгін «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының ұйымдастыруымен мемлекетіміздің елжанды азаматтарын тәрбиелеп шығаруды көздеген мазмұны бөлек, маңызы ерек іс-шара өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің мәжіліс залына жиналған аудан жұртшылығына Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер құрылымдарындағы бос жұмыс орындары туралы ақпар айтылып, армия қатарында еңбек етуге жұмылдырылған азаматтарға мемлекетпен кепілдендірілген қолдау шаралары жөнінде қажетті мағлұматтар берілді.  

«Партия бастамашыл болған “QAISAR” әскери-патриоттық жобасы шеңберінде және партияның Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында тұрғындарды жұмыспен қамту жөнінде нақтылы тармақтар белгіленген. Осы міндеттердің орындалуын үйлестіруде партияның Түлкібас аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ержан Жүнісов Түлкібас аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы Талғат Бәйменовпен, аудандық Мансап орталығының директоры Ерсұлтан Байбатшаевпен, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Нүркен Бердібекпен және Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің директоры Сержан Адилбековпен бірлесе жұмыссыздар санатындағы жастарды еліміздің әскери бөлімдеріндегі бос жұмыс орындарымен таныстырып, келісімшарт бойынша әскери қызметші немесе офицерлік лауазымдар бойынша кәсіби әскери қызметші атануына ықпал ететін кездесу өткізуді ұйғарды», - делінген хабарламада.

Іс-шараның ашылуында сөз алған Ержан Жүнісов, әр адамның еңбек етуге мүмкіндігінің болуына жол ашу - «AMANAT» партиясы айқындаған басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Осы орайда, қоғамдық ой мен моральды қалыптастыру, соған сай жаңа әлеуметтік қатынастарды орнықтыру, еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына тірек болатын азаматтарды тәрбиелеп шығару – аманаттық өкілдер атқаруға бекінген адал да абыройлы міндет екенін жеткізді. Қоғамның үніне, әлеуметтің пікіріне құлақ түріп, азаматтық жауапкершілік ұғымын мықтап орнықтыруға ден қойған партияластарымыз, қоғамдағы өзекті деген мәселелердің бетін ашып, олардың оң шешім табуын үйлестіруде, жаңа бастамалар көтеріп жатқанын мәлімдеді.

«Осы санаттағы қоғамның қызу талқысына түскен, күрмеуі қиын мәселелердің қатарында, әскерден келген жұмыссыз жастар қатарының азаймай отырғанын атап көрсетті. Партия филиалы бұл бағытта талдау жүргізіп, ауданда жас мөлшері 35-ке толмаған, әскери міндетін өтеп келген 278 азамат бар екенін анықтаған. Осы азаматтар санатынан 70 адамның тұрақты жұмыс орындарын таппай, бос жүргені белгілі болған. Сондай-ақ, аудандық қорғаныс істері бөлімімен тіркеуге алынған лейтенант шені бар запастағы офицерлер болып табылатын 30-дан астам адамның қазіргі жұмыспен қамтылу жағдайы зерделенген. Осы азаматтардың жұмыспен қамтылуын түбегейлі шешуде еліміздің бірнеше өңірлеріндегі әскери бөлімдермен келіссөздер жүргізіліп, олардан өздерінде бар бос жұмыс орындары туралы мағлұматтар алынған», - делінген хабарламада.

Осы бағыттағы жан-жақты жұмыс жүргізу барысында, оның ішінде әскер қатарында азаматтық борышын өтеп келген әр азаматпен байланысып, олардың Қарулы Күштер қатарында еңбек етуге ықтиярын білу, әр азаматтың әскери мамандықтар бойынша дайындығын зерделеу, жерлестеріміздің әскери бөлімдер ұсынатын бос жұмыс орындарына сәйкес болуын үйлестіру сынды көзге көрінбейтін қыруар ұйымдастыру жұмыстары атқарылған. Осы мазмұнда атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесінде, бүгін бос жұмыс орындарын ұсынушы әскери бөлімдердің өкілдері мен аудан тұрғындарының кездесуі өткізіліп, әскери қызметтер бойынша бос жұмыс орындарына делдалсыз орналасуға мүмкіндік ашылды. 

«Аудан жұртшылығымен кездесу барысында ҚР Қорғаныс министрлігі Түркістан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің Түлкібас аудандық бөлімінің бастығы Талғат Байменов мемлекеттің тұтастығын қамту абыройлы міндет екенін айтып, жұмыссыз жүрген жастарды әскер қатарында жұмыспен қамтуға кең мүмкіндіктер қарастырылғанын жеткізді. Әскери қызметшінің әлеуметтік қамтылуы заң жүзінде бекітілгенін түсіндірді, әрбір азаматтың еңбек өтілі мен кәсіби дайындығы әділ бағаланып, соған сай еңбекақы көлемі белгіленетінін, санаттылығы мен әскери шені тағайындалатынын атап өтті», - делінген хабарламада.

Аудан тұрғындарымен кездесуге келген Түркістан қаласындағы №99210 әскери бөлімінің өкілі, майор Қанат Абзал, келісімшарт бойынша әскери қызметші атануға қажетті талаптарды түсіндіріп өтті және өзі қызмет атқаратын әскери құрылымда 4 жұмыс орны бос екенін айтып, жастарды осы әскери бөлімде қызметке орналасуға шақырды.

Шымкент қаласындағы №35748 әскери бөлімінің өкілі, капитан Ерсін Адықов, әскери құрылымда 400 бос жұмыс орындары бар екенін жеткізді. Орташа есеппен әр қызметкер 150-200 мың теңге көлемінде еңбекақы алатынын және отбасыдағы әрбір жанға 56 мың теңге көлемінде пәтерақы берілетінін, жоғары оқу орнына түсуге ықтияры бар азаматтардың оқу ақысының 50 пайызын мемлекет төлеп беретінін айтып, әскери қызметкер болудың артықшылықтарын түсіндіріп берді. 

Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы №91678 әскери бөлімінің өкілі, майор Ермұхамед Оразаев әскери құрылымның негізгі қызмет түрімен таныстыра отырып, жылқы шаруашылығын жүргізумен шұғылданатынын жеткізді. Бос жұмыс орындары бойынша офицерлік лауазымдар мен келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілер жұмыс орындары бар екенін айтып, олардың әлеуметтік тұрғыда қамтылуы жөніндегі кепілдіктермен таныстырды.

Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы N99205 әскери бөлімінің өкілі, майор Жеңісбек Отанов бүгінгі таңда әскери құрылымда 60 жұмыс орындары бос екенін айтып, жастарды осы әскери бөлімде еңбек етуге шақырды. Облыс орталығында орналасқан бөлімде әскери қызметшілердің қолайлы тұрмысы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын атап өтті.

«Сондай-ақ жиын барысында онлайн форматта Астана қаласындағы №23366 әскери бөлімінің сержанты Жәнібек Райымқұлов, Қостанай қаласындағы №99260 әскери бөлімінің өкілі, капитан Бүркіт Нұғманов хабарлама жасап, барлығы 230 жұмыс орындары бос екенін мәлімдеп, Түркістан облысының тұрғындарын осы әскери құрылымдарда еңбек етуге шақырды. Барлық хабарламалар аяқталған соң кездесу сұрақ-жауап сипатында жалғасып, тұрғындар өздерін қызықтырған мәселелер бойынша әскери қызметшілерге сауалдар қойып, жауаптар алды», - делінген хабарламада.

Тұрғындармен өткен кездесуде Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің мамандар даярлаудағы тәжірибесі жөнінде ақпарат беріліп, жаңа оқу жылына студенттер қабылдаудың талаптары түсіндірілді. Жиында қорытынды сөз алған Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Асыл Нұрлыбай бүгінгі таңда  мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін арттыруда ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын мәлімдеді және әскери қызметшілерді мемлекет әрдайым қолдайтынын білдірді. Жұмыссыз азаматтарды нағыз ердің кәсібі болған әскери қызметшілер болуға шақырып, елдің қорғаны болып қызмет етуге үндеді. Жиынға қатысқан тұрғындар осы істің бастамашысы болған партиямызға алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары