$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Әкелер күні»: Қосшыда ерекше фестиваль өтті

Жарыс қорытындысы бойынша Закеновтер отбасы үздік болып, бірінші орынды иеленді

«Әкелер күні»: Қосшыда ерекше фестиваль өтті

Маусым айының үшінші жексенбісі – әкелер күні. Осыған орай Қосшы қаласында «Otbasy fest» фестивалі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Фестивалдің мақсаты – дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттау, үлгілі ата-ана болу идеясын қалыптастыру, сондай-ақ бала тәрбиесіндегі әкелер рөлінің маңыздылығын арттыру.

Сайысқа он екі отбасы қатысты. Шараға қатысқан Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жумкей әкелер күнімен құттықтап сөз сөйлеп, сайыскерлерге сәттілік тіледі.

«Қосшылықтар алғашқылардың бірі болып әкелер күнін атап өтіп жатыр. Әке – асқар тау дейді. Бәріміз де әкеміз, әке тәрбиесін көргенбіз. Әкелеріміз бізді ұрыспай-соқпай, тек қас-қабағымен ғана тәбиелеген. Сондықтан қоғамда, отбасында әкенің орны бөлек. Осы шараның да тәрбиелік мәні зор. Фестивальге қатысып отырған 12 отбасыға сәттілік тілеймін!» - деді шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Берген Жумкей.

«Otbasy fest» фестивалі ерекше өтті деуге болады. Жарыс талаптары бойынша әкелер бірнеше сайыстарға қатысып, жарысты. «Еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі!» кезеңінде өздерінің ептілігін көрсетті. Бұл сайыста қатысушыларға бес минут уақыт алдын ала дайындалған бөренедегі шегені қағу шарт.

Екінші сайыста әкелерге алдын ала құлаққап кигізіліп, көрермендер арасынан жасырылған екі сөзді баласы мен әйелі ыммен жеткізгенде әкелері бір минут ішінде табуы керек болды.

Үшінші кезеңде әкелер ұлттық сусынымыз қымыз ішуден жарысты. Жарты литр қымызды кім жылдам ішсе сол жеңімпаз болады. Ақын, журналист Қабиден Қуанышбайұлы қымызды бар болғаны үш секунд ішінде ішті. Қалған әкелерде бес-жеті секундта ішіп үлгерді. Кейін әкелер екіге бөлініп арқан тартысты.

Соңғы сайыс «Жігіттің жігітінің әлі келер, Асауға шалма салу нағыз өнер!» деп аталатын шалма салу сайысы еді. Шалмашыға екі мүмкіндік берілді.

Айта кетсек, шалма салу ұмыт бола бастаған дәстүрлердің бірі. Мал шаруашылығы мен айналысқан қазақтар шалманы асау малды ұстау үшін пайдаланған. Қазақтар жылқының мойнына шалма салып, асау малды күшпен тоқтатқан. Сөйтіп оны қолға үйреткен.  Міне, осы дәстүрді қосшылықтар жаңғыртып жатыр. Жалпы жарыс өте көңілді әрі эмоциялық қызықтарға толы болды.

Жарыс қорытындысы бойынша Закеновтер отбасы үздік болып, бірінші орынды иеленді. Екінші орынды Қуанышбай отбасы алса, үшінші орынды Айтжановтар әулеті иеленді. Жарыс иелеріне бағалы тұрмыстық техникалар сыйға тартылды.

«Мен өзімнің отбасыммен бірге осындай шараға алғаш рет қатысып отырмын. Керемет көңіл-күй мен эмоция алдым. Әсіресе қымыз ішу мен шалма салу сайыстары маған ерекше көңіл-күй сыйлады. Бұл фестивальдің тәрбиелік мәні өте зор деп білемін. Жалпы қазақ отбасында әкенің орны бөлек. Әке – сол шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеретін, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам деген түсініктемін. Әке қамқорлығы дегеніміз – отбасы мүшелерін әртүрлі бәле-жаладан қорғап отыратын қасиетті ұғым. Әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау отбасындағы маңызды әрекет. Ал сол сый мен құрметке лайықты болу да қазіргі біздің басты парызымыз. Әке деген асыл атқа әрқашан лайықты болуымыз керек. Осындай шаралар әкенің отбасындағы, қоғамдағы рөлінің маңызды екенін насихаттайды. Сондықтан фестивальді ұйымдастырушыларға өзімнің зор алғысымды білдіргім келеді», - дейді сайыстың бас жүлдесін жеңіп алған отбасының отағасы Дін-Мұхаммед Закенов.

«Әкелер күні» мерекесі елімізден былтырдан бері  аталып өтіле бастады. Мереке Қазақстандағы отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, отбасы институтын нығайтуға, сондай-ақ әкелер институтын дамытуға ықпал етеді. Мұндай мереке көптеген әлем елдерінде бар.

Серіктес жаңалықтары