БҚО-да вирус жұқтырған 6 адамның бесеуі Ресейде жұмыс істеген

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың екеуі Түркістан облысының тұрғыны

Қазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 2334-ке жетті. Соңғы тіркелген 45 науқастың алтауы Батыс Қазақстан облысында анықталған.

Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы хабарлағандай, осы алты адамның бесеуі Ресейде вахталық әдіспен жұмыс істеген. Олардың үшеуі БҚО тұрғыны болса, екеуі Түркістан облысынан.

«Бұл азаматтармен Ресей Федерациясымен шекарадағы «Тасқала» автоөткеліндегі санитарлық-карантиндік бекетте эпидемиолог мамандар байланыссыз термометрия және сауалнама жүргізу кезінде олардың денсаулыққа шағымдары болмаған. Алгоритмге сәйкес, СКБ эпидемиологтары жедел жәрдем шақырып, азаматтар карантиндік стационарға жатқызылды», - делінген аталған хабарламада.

Ал, коронавирус инфекциясы анықталған алтынша адам – 54 жастағы Орал тұрғыны. Ол бұған дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынған.

«ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен 6 адамда да COVID-19 диагнозы нақтыланды. Барлығы да облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды. Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді», - делінген шұғыл штаб таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, 24 сәуірге дейінгі мәлімет бойынша, облыста COVID-19 коронавирус инфекциясын 92 адам жұқтырған.