Жетімдіктен құтқарылған балалар саны 10 мыңнан асты

Azattyq Rýhy

Балалар интернат мекемелерінде уақытша тұрып жатқан 1 мыңға жуық бала туған отбасыларына қайтарылды

Жетімдіктен құтқарылған балалар саны 10 мыңнан асты
Коллаж: «Ана Үйі»

Ана Үйі жетімдіктен құтқарған алғашқы бала қазір 11 жаста. Баланың анасы Махаббаттың Ана Үйіне келгенінен кейін, жарқын болашаққа деген үміті артты.

«Мен пәтер жалдап тұратынмын, бірақ бір күні үйді босатсын деп талап қойды. Қолымдағы баламмен далада жалғыз қалдым, баратын жерім жоқ. Сол кезде құрбым Астанада Ана Үйі ашылғанын, онда баламен бірге баруға болатынын айтты. Мен орталықтың барлық қызметкерлеріне қиын жағдайда көмек көрсетіп, жылулық пен пана бергендері үшін өте ризамын. Қиын жағдайға тап болған аналарға айтарым: Үміттеріңізді үзбей, балаларыңыздың жанында болыңыздар. Бала — өмірдің гүлі!», - деп айтты Махаббат.

Бұл — «АНА ҮЙІ» қоғамдық қоры тарапынан алғаш қамқорлыққа алынған аналардың бірінің жеке тарихы. Ол Ана Үйін паналап, уақытылы көрсетілген көмектің арқасында ертеңгі күнге деген сенімділікке ие болды. Бұл оның отбасын сақтап қалуына көмектесті.

Махаббат сияқты қиын кезеңде көмекке жүгінген әйелдер саны шамамен 7 мың. Сонымен қатар, балалар интернат мекемелерінде уақытша тұрып жатқан 1 мыңға жуық бала туған отбасыларына қайтарылды. Ал Қордың «Ұлттық бала асырап алу агенттігі» жобасының көмегімен 2 мың бала қазақстандық отбасыларға орналастырылды, олардың 204-і — диагнозы бар балалар.

«Біз 11 жыл бойы еліміздегі жетімдікті азайту бойынша нақты шаралар қабылдап келеміз. Қордың жұмысының арқасында 10000 бала туған немесе қабылдаушы отбасыларда тәрбиеленуде. Осы уақыттың ішінде балалар үйлеріндегі балалар саны екі есе азайды, шамамен 10000-нан 4225 балаға дейін. Алайда бұл Қазақстандағы жетімдік мәселесін шешу үшін жеткіліксіз. Бүгінгі таңда балалар үйлерінде орналастыруы қиын санаттағы балалар бар: жасөспірімдер, диагнозы бар балалар және сиблинг балалар. Мәселенің шешімі елімізде балалар үйлеріне балама болатын қабылдаушы кәсіби отбасы институтын енгізу болуы мүмкін. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім сәбилер балалар үйіне түспей, бірден қабылдаушы кәсіби отбасыларға орналастырылуы мүмкін. Бұл — біздің еліміз осы бағытты ұстануы тиіс жалпы әлемдік тәжірибе. Өйткені баланың бақытты мекені — отбасы, Қор бала игілігі мен бала әлемін бақытқа бөлейтін қоғам үшін жұмыс істейді», — деп бөлісті Қор басшысы, Анар Рахимбаева.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, баланың дербес өмірге толық дайындығы тек отбасында өтеді, тек отбасы балаға жанұяның моделі мен құндылығын бере алады. Қазақстандық бизнесмендердің қорының барлық күш-жігері әрбір баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығын іске асыруға бағытталған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.