Павлодар облысында екі басқарманың басшысы ауысты
Облыс әкімі жаңа басшылардың жұмысына табыс тіледі.

Енді құрылыс басқармасына Бақытжан Әлімғазинов, ал жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына Альмира Дисюпова басшылық етеді. Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа басшыларды Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов таныстырды. Құрылыс басқармасы басшысының бос орнына Бақытжан Әлімғазинов тағайындалды. Бұрын ол қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы болған. Павлодар ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Альмира Дисюпова жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына басшы болды. Басқарманың бұрынғы басшысы Қайрат Нұрмағамбетов басқа қызметке ауысуына байланысты қызметінен босатылды.
Облыс әкімі жаңа басшылардың тәжірбиесін атап өтіп, оларға жұмыста табыс тіледі.
Бақытжан Әлімғазинов 1985 жылы дүниеге келді. 2009 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Архитектура» мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек қызметін 2007 жылы дизайнер болып бастады. 2009- 2012 жылдары «Геодезия, картография және құрылыс» МКҚК-де сәулетші болып қызмет етті. 2012 - 2016 жылдары «Юнистрой проект» ЖШС-нің директоры болды. 2016 жылдан бастап 2019 жылға дейін Ақсу қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы болды.
Альмира Дисюпова 1976 жылы туылған. 1998 жылы Павлодар педагогикалық институтын аяқтаған. Еңбек жолын 1998 жылы Лебяжье ауданындағы Бесқарай ауылында бала бақшада тәрбиеші ретін бастады. 1998-2001 жылдары Бесқарағай орта мектебінде математика және қазақ тілі пәндерінен сабақ берді. 2001 -2010 жылдары Павлодар қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінде, кейін білім беру бөлімінде қызмет етті. 2010 жылдан бастап2019 жылға дейін Успен ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.