Бұл басты одақтасы тарапынан Израильге қарата айтылған ең ауыр сын болды
АҚШ-тың мемлекеттік департаменті Израильдің америкалық қаруды қолдану кезінде гуманитарлық заңды бұзған болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Израиль Газа секторындағы соғыста АҚШ берген қаруды халықаралық гуманитарлық құқықты бұза отырып қолданған болуы мүмкін. Бұл тұжырым АҚШ Конгресіндегі Мемлекеттік департаменттің баяндамасында айтылған.
Бұл ХАМАС-қа қарсы соғыс басталғаннан бері басты одақтасы тарапынан Израильге қарата айтылған ең ауыр сын болды.
Сондай-ақ баяндамада ХАМАС-тың әскери мақсатта азаматтық инфрақұрылымды, ал бейбіт тұрғындарды тірі қалқан ретінде пайдаланатыны айтылған. Сондықтан ұрыс аймағындағы нысанада кім бар екенін анықтау қиынға соғады.
АҚШ пен Израиль арасындағы қарым-қатынас Джо Байден Израиль Рафахқа жаппай шабуыл жасаса, кейбір қару-жарақ жеткізілімін тоқтататынын айтқан соң нашарлады.
АҚШ 1,4 миллион бейбіт тұрғын паналаған қалаға шабуыл жасалса, Израильдің беделіне келетін нұқсан әскери пайдадан әлдеқайда ауыр болатынын ескертті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының басшысы Антонио Гутерриш жұма күні Израиль Рафахта толық ауқымды құрлық операциясын бастаса, Газа секторы «эпикалық гуманитарлық апатқа» тап болады деп мәлімдеді. Ал Франция Израильді Рафахтағы соғысты тоқтатуға шақырды.