Италия «демографиялық төтенше жағдай» жариялады
2030 жылға таман халық саны 1 миллионға азаюы мүмкін

Халықтың қартаюы және туу көрсеткішінің төмендеуі италиялық әлеуметтанушылар мен демографтарды қатты алаңдатып отыр. Көбісі Джорджа Мелони үкіметінің қолданып жатқан шаралары жеткіліксіз, ел жақын арада демографиялық қиындыққа тап болуы мүмкін деп санайды. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Соңғы жылдары туу көрсеткішінің төмендеуі бүкіл Еуропада байқалып отыр. Бұл мәселе әсіресе Италияда ушығып тұр.
Бұл елде туу деңгейі Еуропа Одағындағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Сол сияқты жергілікті тұрғындар ЕО-ның басқа елдеріне қарағанда әлдеқайда жылдам қартаюда.
«Бұл проблема саяси спектрдің бәріне қатысты және әлеуметтік санаттардың – иммигранттардан қарттарға дейін бәрін қамтиды», - дейді туу көрсеткішін қолдау қорының басшысы Гиги Де Пало
Бұл үрдіс жалғаса берсе, 2030 жылға қарай Италияның 59 миллион халқы шамамен 1 миллион адамға азаяды деген болжам бар.
Италияның ұлттық статистикалық басқармасының (ISTAT) мәліметі бойынша, 2022 жылы туу көрсеткішінің жалпы коэффициенті (яғни, бір әйелге шаққандағы бала саны) 1,24 болса, бір жылдан кейін ол 1,2-ге дейін төмендеді.
Ал халықтың қартаюы зейнетақы жүйесі мен денсаулық сақтау саласына ауыр салмақ түсіреді.
«Италиядағы жағдайдың басты ерекшеліктерінің бірі – бұл жерде дағдарыс жылдар бойы жалғасып келеді. 2008 жылдан бері жаңа туған нәрестелер саны 200 мыңға азайған. Көп жағдайда бұл әлеуетті ата-аналардың санының азаюына байланысты. Бұл 30 жыл бұрын басталған туу көрсеткішінің төмендеуімен байланысты», - деді ISTAT бас директоры Сабрина Прати.
Өткен жылы үкімет әйелдерге бала тәрбиесі мен жұмысты теңестіруге көмектесетін шараларға шамамен 1 миллиард еуро бөлді.