Әйгілі ұшқыш 1941 жылдың қазан айынан бастап Ұлы Отан соғысы майдандарында соғысқан
Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Әуе қорғанысы күштерінің авиабазасын аты аңызға айналған ұшқыш Кеңес Одағының екі мәрте батыры авиация генерал-майоры Сергей Луганскийдің есімімен атауды ұсынған болатын. Ономастикалық комиссияның оң шешімінен соң әскери бөлімде Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен Жетісу облысы әкімдігінің, Әуе қорғанысы күштері қолбасшылығының, әскери қызметшілер мен Қарулы күштер ардагерлерінің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы Azattyq Ruhy Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Әскери бөлімнің аумағында Сергей Луганскийдің бюсті ашылды. Оның ашылу салтанатына Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, облыс әкімі Бейбіт Исабаев, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров және Халық қаһарманы авиация генерал-майоры Айдын Айымбетов және Парламент депутаттары қатысты. Олар батырдың бюстіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.
– Ұлы Отан соғысы жылдарында бес жүзден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Оның ішінде Леонид Беда, Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский және Иван Павлов Батыр атағын екі мәрте алды. Қарулы күштердің жеке құрамы Мемлекет басшысының ержүрек ұшқыштың есімін мәңгілік есте қалдыру туралы ұсынысын қуана қабылдады. Бүгін біз Талдықорған авиабазасына Сергей Данилович Луганскийдің есімін беріп отырмыз, - деді Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов.
Сергей Данилович Луганский 1918 жылы 1 қазанда Верный қаласында (қазіргі Алматы) шаруаның отбасында дүниеге келген. 1938 жылы Орынбор әскери авиациялық мектебін бітіргеннен кейін Ленинград әскери округінің 49-шы жауынгерлік авиациялық полкінде, содан кейін Балтық жағалауында қызмет еткен. 1941 жылы мамырда Солтүстік Кавказ әскери округінің 271-ші жойғыш авиациялық полкі эскадрилья командирінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
1941 жылдың қазан айынан бастап Ұлы Отан соғысы майдандарында соғысқан. 1942 жылы мамырда ол 270-ші жауынгерлік авиация полкінің эскадрильясын басқарды. 1944 жылы маусымда Луганский полк командирі болып тағайындалды. Ол Оңтүстік, Солтүстік Кавказ, Воронеж, Далалық, 2-ші және 3-ші Украин майдандарында соғысқан. Дондағы Ростовтағы, Курск доғасындағы шайқастарға, Днепрді, Украина КСР-і мен Польшаны азат етуге қатысты.
Соғыс кезінде, ресми мәліметтер бойынша, Сергей Данилович Луганский 390 жауынгерлік миссия жасаған. Жеке өзі 36, топ құрамында 2 жау ұшағын атып түсірді.
Соғыс аяқталғаннан кейін әскери-әуе академиясын бітіріп, Грозный қаласына қызметке жіберіледі. Ол командирдің ұшу жөніндегі орынбасары, кейін Солтүстік Кавказ әскери округі 42-ші жауынгерлік авиация дивизиясының командирі болды.
1956-1957 жылдары Беларусь КСР-інің Баранович қаласында орналасқан әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің 39-шы жауынгерлік авиациялық дивизиясын басқарды. 1957-1960 жылдары Түрікмен КСР-нің Красноводск қаласындағы 72-ші гвардиялық жауынгерлік авиациялық корпусының командирі болды. 1964 жылы авиация генерал-майоры Луганский запасқа шығарылып, туған қаласына оралады.
1977 жылы 16 қаңтарда қайтыс болды. Алматы қаласының Орталық зиратына жерленген.
Жауынгерлік ерлігі үшін Сергей Луганскийге екі рет Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі тапсырылды. Ол сондай-ақ екі Александр Невский, Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.
Іс-шара әскери бөлім әскери қызметшілерінің салтанатты шеруімен аяқталды.