Павлодар облысында сарбаздарға мереке күндері қандай ас мәзірі дайындалады?
Ас мәзірі азық-түлік қызметінің бастығы, медиктер, асхана бастығы мен аға аспазбен құрастырылады
Павлодарда сарбаздарға әскерде мереке күндері қандай ас мәзірі дайындалатыны белгілі болды. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым мәліметінше, қарапайым адамдардан бөлек, әскерилердің ас мәзірі қатаң қадағаланады. Мұндағы басты талап – сарбаздардың кез келген физикалық жүктемеге әзір болып, сергектігін қамтамасыз етуі үшін азықтың калориялылығы, көмірсу, ақуыздар мен майлардың тепе-теңдігін бұзбау. Дегенмен, осындай қатаң талаптарға қарамастан, әскери бөлімшелердегі аспаздар тәтті тағам әзірлеуге әбден машықтанған.
5512 әскери бөлімшенің азық-түлік қызметінің бастығы Әділхан Тоғаевтың айтуынша, сарбаздар ет, сорпа, палау мен лағман тағамдарын ерекше жақсы көреді.
«Біз ас мәзіріне ұлттық тағамдарды енгізіп отырамыз. Мысалы, жақында сарбаздарға қазақша ет қатты ұнады. Одан бөлек, палау, лағман, сорпа жауынгерлерге қатты ұнайды. Ас мәзірі апта сайын өзгереді. Мереке күндері бүгінгідей мерекелік ас мәзірі дайындалады», - дейді Әділхан Тоғаев.
Мұндай күндері сарбаздарға жемістердің – апельсин, банан мен алманың еселенген порциясы беріледі. Одан өзге, жауынгерлерге бауырсақ немесе басқа да пісірмелер беріледі.
Сарбаздың күнделікті рационына міндетті түрде ет, түрлі жармалар, І және ІІ сұрыптағы нан, жартылай қақталған шұжық, ірімшік, балық, көкөністер мен жемістер, сүт өнімдері: айран, қаймақ, ірімшік енеді.
Ас мәзірі азық-түлік қызметінің бастығы, медиктер, асхана бастығы мен аға аспазбен құрастырылады.