«Мердігер кінәсін мойындаған жоқ»: елордада үш альпинистің қаза болу фактісі бойынша сот үкімі шықты

Azattyq Rýhy

Прокурор сотталушыға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады

«Мердігер кінәсін мойындаған жоқ»: елордада үш альпинистің қаза болу фактісі бойынша сот үкімі шықты
Фото: elements.envato.com

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты құрылыс жұмыстарын жүргiзудің қауiпсiздiк қағидаларын бұзып, үш адамның абайсызда қайтыс болуы, адамның денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiру фактісіне қатысты істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Соттың мәліметінше, мердігер ЖК Ш. құрылыс жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігі қағидаларын бұзып, қауіпсіз жағдайлар мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты тұлға бола отырып, көтергіш сымарқанның техникалық жай-күйі мен жарамдылығын тексермеген. Биікте тұрғын үй кешенінің құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген 4 өнеркәсіптік альпинистің сақтандыру сымарқаны техникалық талапқа сай бекітілмегені анықталды.

Жазатайым оқиға олардың биіктіктен құлауына әкеп соғып, абайсызда 3 альпинист қаза тапты. Бір альпинист ауыр дене жарақатын алды.

«Прокурор айыпты қолдап, сотталушыға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Барлық жәбірленуші сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындаған жоқ. Қорғаушы тарап сотталушыдан қылмыс құрамының болмауына байланысты оны ақтауын сұрады. ҚК-нің 277-бабының 3-бөлігінің санкциясы белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, 3 жылдан 8 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруды көздейді», - делінген хабарламада.

Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде жас баланың болуын таныды. Ауырлататын мән-жайы анықталған жоқ.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің, мамандар мен сарапшылардың айғақтарымен, оқиға орнын тексеру хаттамаларымен, сараптамалардың қорытындыларымен және өндірісте болған жазатайым оқиғаны арнайы тергеу актісімен дәлелденді.

«Ш.-ға жазаны тағайындау кезінде сот ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігі 1-тармағын ескере отырып, қылмыстың ауырлығы орташа болған кезде жазаның мерзімі мен мөлшері ҚК-нің 277-бабының 3-бөлімінде көзделген ең жоғары мерзімнің жартысынан аспауы тиіс.

Жеңілдететін жағдайларды ескере отырып, сот Ш.-ны ҚК-нің 277-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл мерзімге құрылыс-монтаж жұмыстары саласында басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Ш.-дан жәбірленушілердің пайдасына 5 млн теңгеден және 10 млн теңге моральдық зиян өндірілді», - делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.