Израиль ел аумағында Катардың «Әл-Жазира» телеарнасын жабатын болды
Телеарнаның хабар тарату жабдықтары тәркіленеді
Израиль үкіметі ел аумағында Катар телеарнасы «Әл-Жазираның» хабар таратуына тыйым салды. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху X (бұрынғы Twitter) желісінде министрлер кабинеті Катар телеарнасының ел аумағында жұмыс істеуіне тыйым салу туралы ұсынысты бірауыздан қолдағанын хабарлады. Байланыс министрі Шломо Кархи тиісті бұйрыққа қол қойды.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл «Әл-Жазираның» Израильдегі кеңселері жабылады, оның хабар тарату жабдықтары тәркіленеді, арна кабельдік және спутниктік телевидение провайдерлерінің бағдарламаларынан алынып тасталады және сайты бұғатталуы мүмкін.
Бұл шешім Израиль парламенті Газа секторындағы соғыс кезінде ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін елдегі шетелдік хабар таратушыларды уақытша жабуға рұқсат беретін заң қабылдағаннан кейін мүмкін болды.
«Әл-Жазира» телеарнасы бірінші кезекте Палестина тарапының мәлімдемелері мен ұстанымын таратып, араб-израиль әскери қақтығыстарын белсенді түрде көрсетеді.
Газа секторындағы соғыс кезінде Нетаньяху хабар таратушы телеарнаны «Израиль қауіпсіздігіне зиян келтірді, 7 қазандағы қырғынға белсенді қатысты және израильдік сарбаздарға қарсы өшпенділік тудырды» деп айыптады.
Катарда орналасқан телеарнаның өзі Нетаньяхудың айыптауларын «қауіпті және күлкілі өтірік» деп атады. Әл-Жазираның жауабында бұл «арнаға қарсы жала жабу» және Израильдің соңғы шаралары «арнаның үнін өшіруге бағытталған жүйелі шабуылдар сериясының бір бөлігі» делінген.