ҰОС ардагерлеріне 9 мамырға орай қанша төлем берілді?

Azattyq Rýhy

Жергілікті бюджеттерден біржолғы әлеуметтік көмек төленді

ҰОС ардагерлеріне 9 мамырға орай қанша төлем берілді?
Фото: istockphoto.com

Ұлы Отан соғысының барлық қатысушысына 9 мамырға орай жергілікті бюджеттер есебінен біржолғы ақшалай төлемдер берілді. Бұл туралы Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық өңірі мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ардагерлерге төлем жасалды. Аталған мақсаттарға жергілікті бюджеттерден барлығы 187 млн теңге бөлінді.

Әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы қағидаларына сәйкес 9 мамырға орай берілетін біржолғы төлемдер сомасы жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне және мәслихаттардың шешімдеріне байланысты әр облыста дербес белгіленеді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы бойынша соңғы жылдары көптеген облыстарда ардагерлерге төлемдер бірыңғай мөлшерде төленеді.

Мәселен, биыл республика бойынша біржолғы әлеуметтік көмектің орташа мөлшері 1,5 млн теңгені құрады. Бұл ретте көптеген өңірлерде орташа мөлшерден жоғары сома төленді: Ақмола облысында – 3 млн теңге, Ақтөбе облысында – 2 млн теңгеден астам. Абай, Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Астана және Алматы қалаларында ҰОС қатысушылары 2 млн теңгеден алды.

Бүгінде республикада Ұлы Отан соғысының 148 ардагері тұрады. ҰОС қатысушыларына әлеуметтік қолдаудың басқа да түрлеріне қарамастан ай сайын 16 АЕК (2024 жылы 59 072 теңге) мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.