Су тасқыны: 38 мыңнан астам адам өз үйіне оралды
Су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда
Елімізде су тасқынынан зардап шеккен 38 254 адам өз үйлеріне оралды, 6 727 адам эвакуациялау пункттерінде қалып отыр. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Су тасқыны бастағалы бері 12,8 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 6,6 млн астам қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді. Атырау облысында Жайық өзені су деңгейіне мониторинг жалғасуда. Бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен тәулікте Индер, Махамбет, Исатай, Құрманғазы аудандарында 500 мың қапшық, 1 510 тонна инертті материал төселді. Құлсары қаласында су басқан аумақтан 196 055 текше метр су сорылды», - деді Асқар Шәріп.
Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 20 309 адам, 2 783 техника, 584 су сору және жүзу құралы, 8 әуе кемесі жұмылдырылған.
Эвакуациалық пункттерде Төтенше жағдайлар департаменттерінің, ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының психологтары мен медициналық қызметкерлері азаматтармен жұмыс жүргізуді тоқтатқан жоқ.