Жаңадан салынатын 20 су қоймасы 2,5 млрд текше метрге дейін су жинай алады – министрлік

Автор: Azattyq Rýhy

Жаңа су қоймалары еліміздің көрші мемлекеттердің су ресурстарына тәуелділігін 25%-ға төмендетуге септігін тигізеді

Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Жаңа су қоймаларын салу тасқын суды жинауға, сол арқылы елді мекендерді су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ОКҚ-ға сілтеме жасап.

Бірінші кезеңде Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында 10 су қоймасын салу жоспарланып отыр.

«Бүгінгі таңда Түркістан облысында 1 су қоймасы - Кеңсай-Қосқорған-2 пайдалануға берілді. Түркістан облысының Бәйдібек ауданында Бәйдібек ата су қоймасының құрылысы басталды, Төле би ауданында Қарақуыс су қоймасының құрылысы бойынша жоба іске асырылып жатыр», - деді спикер.

Сонымен қатар,8 су қоймасының құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарындағы су қоймалары.

«Жаңа су қоймалары еліміздің көрші мемлекеттердің су ресурстарына тәуелділігін 25%-ға төмендетуге септігін тигізеді», - деді спикер.

Сондай-ақ концепцияда 2 млрд текше метрге жуық су жинайтын 15 су қоймасын реконструкциялау көзделген. Биыл Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан облыстарындағы алты нысанда жұмысты бастайды.