Қазақстан мен Түркия арасында мәдени көпір: Ұлттық музейде оғыз тайпасының тарихына арналған фотокөрме өтеді
Аталған көрме аясында халықаралық семинар өткізіледі
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Бозоқ мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі, Қызылорда әкімшілігінің қолдауымен және Астанадағы Юнус Эмре түрік мәдениет орталығының ұйымдастыруымен 24 сәуірде ҚР Ұлттық музейінде «Қазақ даласындағы Оғыз тарихи мұрасы» атты фотокөрменің тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Юнус Эмре институты аталған шараны бауырлас ел Қазақстанның Ұлттық музейінің 10 жылдығы шеңберінде ұйымдастырып отыр. Қойнауы тарихқа, шежіреге толы қазақ жеріндегі Оғыз ескерткіштерін зерттеу және көпшілік халыққа таныту жұмыстары түркі халықтарының тарихы туралы кеңірек ақпарат алуына негіз бола отырып, Қазақстан мен Түркия арасында мәдени көпірді нығайта түседі.
Көрмеге Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Парламент депутаттары, Қазақстандағы дипломатиялық корпус өкілдері, Түркиядан және Қазақстаннан ғалымдар, БАҚ өкілдері, студенттер қатысады деп күтілуде.
Фотокөрмеге оғыз тарихи ескерткіштерінің 30 фотосуреті және Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан Сырдария оғыздарының материалдық мәдениетін қамтитын ҮІІ-XI ғғ. Жанкент, Күйіккескен, Сортөбе, Асанас қалашықтарынан табылған 56 археологиялық жәдігер қойылады. Экспонаттар ішінде VIІІ-ХІ ғғ. жататын қыш құмыралар, саптыаяқтар, қола бұйымдар, мыс теңгелер, ортағасырлық дастархан, ХІҮ-ХҮ ғғ. жататын медициналық құралдарды, шыңылтырлы қаптамалар, сырға, алтын түймелер, маржандарды және т.б. көрме қонақтары тамашалай алады. Көрме 1 апта бойы ашық болады.
Аталған көрме аясында «Қазақстанның түрік - оғыз мұрасы: мәдени құндылықтар және уақыт керуені» атты халықаралық семинар өткізіледі.
Семинарда Қазақстанның және Түркияның тарихшылары мен археолог ғалымдары: Ұлттық музейдің «Мәдени мұра» журналының редакторы, профессор, тарих ғылымдарының докторы Артыкбаев Жамбыл Омарұлы «Түрік - оғыз тарихының негізгі кезеңдері және ерекшеліктері (қазақ ауызша дәстүрі деректері бойынша)», Түркияның Измир қаласындағы Докуз Эйлүл университетінің жалпы тарих кафедрасының профессоры Еркан Гөксу «Қазақ жеріндегі оғыз қалалары», «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бас инспекторы Дәрменов Рустем Тұрарбекұлы «Жанкент қалашығына жүргізілген археологиялық зерттеулер», «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры Күзербаев Әлібек Бақытбекұлы "Ұлытау өңіріндегі түрік-оғыз кезеңінің ескерткіштері", Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» директоры Құлбай Нұрлан Абызұлы «Маңғыстау жеріндегі Оғыз тайпаларына қатысты қабір үстіндегі кіші пішінді сәулет ескерткіштері (белтас, қойтас және т.б.)», Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Көзейбаев Сапар Алиясқарұлы «Сырдарияның төменгі ағысындағы оғыздардың материалдық мәдениеті (Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қоры негізінде)» тақырыбында Оғыз дәуірінің археологиясы мен сәулет өнерінің ескерткіштерін ғылыми мәнін саралау, насихаттау бойынша тың ақпараттармен бөліседі.