Павлодарда Ертіс өзенінің су деңгейі көтерілгені туралы ақпарат жалған
Мамандар бөгеттер тұрғызып, қап дайындап, су деңгейіне мониторинг жасауда
Ертіс өзеніндегі су деңгейінің күрт көтерілуі, соған байланысты Усолка ықшам ауданының жағалауындағы үйлерді жақын арада су басуы мүмкін екендігі туралы WhatsApp желісі арқылы тараған ақпарат жалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметі ел арасына тараған бұл хабарламаның жалған екенін нақтылайды.
«Облыс қонақтары мен тұрғындарынан тек тексерілген дереккөздерге сенуді сұраймыз», - делінген ведомствоның ресми хабарламасында.
Облыстық ТЖД мәліметінше, биыл жоғарғы-Ертіс каскадының су қоймаларынан су жіберу көлемі былтырғыдан 50 пайызға артық жоспарланған, бірақ рекордтық деңгейде емес. Мысалы, 2016 жылы көлемі бұдан әлдеқайда жоғары болды.
ТЖ департаментінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, алдын алу дайындық іс-шараларын жүргізуде. Мамандар бөгеттер тұрғызып, қап дайындап, су деңгейіне мониторинг жасауда.