Қосшылықтар «Таза өлке» акциясына қатысты

Azattyq Rýhy

Шара аясында қала аумағы қоқыстардан тазартылып, ағаштарды ақтау жұмыстары атқарылды

Қосшылықтар «Таза өлке» акциясына қатысты
Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

Бүгін Қосшы қаласында тазалық және абаттандыру айлығы аясында «Таза өлке» атауымен жалпықалалық сенбілік өтуде, деп хабарлайды Аzattyq Ruhy тілшісі.

Экологиялық шараға қала әкімі Гайдар Қасеновтен бастап, әкімдіктің барлық қызметкері, мәслихат депуттары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Сонымен қатар мемлекеттік және жеке ұйымдардың, мектептер мен балабақшалардың, кәсіпкерлік  нысандардың  өкілдері, жастар және қала тұрғындары да  сенбілікке белсене қатысып, тазалық – ортақ іс қағидасын ұстанды.

Шара аясында қала аумағы қоқыстардан тазартылып, ағаштарды ақтау жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ өткелдер, арықтар күл-қоқыстан тазартып, ағаш көшеттерінің түбін қопсыту, түптерін әктеу, орындықтарды, қоқыс жәшіктерін, шамдарды тазалау жұмыстары жасалды. Елімізде өткізіліп жатқан экологиялық акцияға жастар да белсенді қатысуда.

«Бүгінгі «Таза өлке» апталығы шарасына Қосшы қаласының Жастар ресурстық орталығы атынан 50-ден  астам жастар қатысты. Жастар қаланың әр аумақтарына бөлініп, тазалық шараларын жүргізді. Бір топ жастар Лесная поляна шағын ауданында тазалық жұмысын жасаса, екінші бөлігі жеке секторларда қоқыстарды жинау науқанына жұмылдырылды. Сонымен қатар қала әкімдігінің ғимаратының қасында орналасқан Бірлік аллеясын қоқыстардан тазалап, бояу-әрлеу жұмыстарын жүргізді. Жалпы қоршаған орта мен экологиялық тазалық – тұрғындар үшін аса қажетті құндылықтардың бірі. Біз айналаны таза ұстау арқылы, өзіміздің, балаларымыздың денсаулығының дұрыс болуына жағдай жасаймыз. Қоғам үшін пайдасы зор тазалық жасау ісін әрбір жан азаматтық борышым деп санауы керек. Сондықтан қала тұрғындарын, жастарын алдағы апталықтарға да белсенді қатысуға шақырамын. Өздеріңіз білетіндей биыл еліміз бойынша ұйымдастырылып жатқан тазалық акциясы бір ай бойы жүргізіледі. Апта сайын өткізілетін аталған шараларға да Қосшы қаласының жастары белсене қатысатын болады», - деді Қосшы қаласының Жастар ресурстық орталығының басшысы, қалалық мәслихат депутаты Ақылбек Данабекұлы.  

Бүгінгі экологиялық сенбілікке тұрғындар да белсене қатысып, өздері тұрып жатқан үй маңы мен аулаларды қыстай жатқан қоқыстардан тазартты.

«Лесная поляна шағын аударының тұрғындары бүгін ұйымшылдық танытып, бір кісідей бәрі шығып өздері тұратын көпқабатты үйлердің аулаларын сыпырып, қоқыстарды жинады. Отырғызылған ағаштардың түбін түптеп, әктеді. Осылай шағын ауданның тұрғындары Президент тапсырмасы бойынша бүкіл елде өтіп жатқан экология акциясына өздерінің үлестерін қосуда», - деді МИБ төрағасы Еркебұлан Менджасаров.

Айта кетейік, Президенттің тапсырмасымен биыл еліміз бойынша ұйымдастырылып жатқан тазалық акциясы бір ай бойы жүргізіледі, яғни 5 аптаға созылады. «Таза өлке» апталығы 6-13 сәуір аралығында өткізілсе, 13-20 сәуір аралығында – «Киелі мекен», 20-27 сәуір аралығында – «Жасыл аймақ», 27 сәуірден 4 мамырға дейін — «Өнегелі ұрпақ» апталығы, 4 мамырдан 11 мамырға дейін — «Мөлдір бұлақ» апталығы өтпек.

20 сәуірге дейінгі апталық «Киелі мекен» деп аталады. Бұл апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады.

Сәуір айының 27-сіне дейін «Жасыл аймақ» тақырыбымен өтетін апталық ағаш көшеттерін отырғызу, көшеттерді әктеумен ерекшеленеді.

4 мамырға дейінгі кезең «Өнегелі ұрпақ» деп аталып, ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналады.

«Мөлдір бұлақ» деп аталатын соңғы, бесінші аптада су қоймаларының айналасы, өзен-көлдер қоқыстан тазартылмақ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.