Бұл мәселе Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының жеке бақылауында
Қаржылық мониторинг агенттігі еліміздің үш облысында су тасқыны кезеңінде селден қорғайтын бөгеттер мен су қоймаларын салу, жөндеу және өзен арналарын кеңейту жұмыстарын жүргізуі тиіс мердігерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осылайша, ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ-мен келісімшартқа отырған мердігер ұйымның директоры бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша күдіктенуде. ЖШС Алматы қ. «Ақсай өзенінің бассейнінде селді ұстайтын бөгет салу» жобасын іске асырған.
«ЖШС-ның жауапты тұлғалары алдын ала сөз байласу арқылы, аса ірі көлемде, бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктенуді. Залал сомасы алдын-ала есеп бойынша 775 млн теңгеден асады. Сондай-ақ ауыр зардаптарға әкеп соққан міндеттерге немқұрайлы қарау фактісі бойынша Ақтөбе облысындағы «Магаджан» бөгетін (су қоймасын) сенімгерлік басқаруға алған ЖШС басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Анықталғандай, 2014 жылы бұл бөгет балық шаруашылығын жүргізу мақсатында жеке компанияға сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда ЖШС тарапынан, бөгетті күтіп ұстау және қызмет көрсету бойынша өз міндеттері тиісінше орындалмаған», - делінген хабарламада.
Мәселен, осы жылдың 5 сәуірінде Ақтөбе облысының Хромтау ауданында орналасқан "Магаджан" бөгеті (су қоймасы) бұзылды.
Су тасқыны нәтижесінде Алға ауданының Бесқоспа, Қызылту және Табантал ауылынан 215 адам, оның ішінде 96 бала, сондай-ақ Ақтөбе қаласы Елек және Қарғалы өзенінің маңында орналасқан бау-бақша ұжымдарының тұрғындары эвакуацияланды.
Сонымен қатар, Ұлытау облысында ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді басталды.
«Аталған ЖШС көктемгі су тасқыны кезінде жақын маңдағы аумақтарды шайылып кетуден қорғау үшін ұзындығы 2 км Жезді өзеніне санация жүргізу үшін жалпы сомасы 485,5 млн теңгеге мемлекеттік мекемемен шарт жасасқан. Алайда, жобаны іске асырудың бақылау өлшемімен мердігер жалпы сомасы 282,5 млн теңгеге жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын нақты орындамағаны анықталды. Сол сәтте жоғарыда аталған жұмыстардың болмау жағдайында ЖШС атына орындалған жұмыстар актілеріне сәйкес 400 млн теңге аударылған. Аталған әрекеттердің салдарынан 26 үй су астында қалып, 174 адам эвакуацияланды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Олардың барысында көрестілген фактілерге қатысы бар барлық лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі», - делінген хабарламада.
Бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланудың алдын алу мәселесі Қаржылық мониторинг агенттігінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың тұрақты жеке бақылауында.