«Қарғын судан жапа шеккендерге өтемақы толық төленуі тиіс»: Мәжіліс депутаттары аймақтарда жүр

Azattyq Rýhy

Олар зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсетуде

«Қарғын судан жапа шеккендерге өтемақы толық төленуі тиіс»: Мәжіліс депутаттары аймақтарда жүр

Мәжіліс депутаттары су басқан өңірлерді аралап, тұрғындардың қал-ахуалымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Мақсат Толыбай Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға уақытша паналауға арналған вагондар жеткізілгенін айтты,

«Су басқан аймақтарға барып, тұрғындардың айтқан өтініш, қойған талаптарын шетінен орындатып жатырмыз. Мәжілістің төрінде отырып, мәселені көтеріп қана қоя салған жоқпыз. Жағдай өте қиын. Елдің елдігі осындай сын сағатта көрінеді. Ең бастысы – халқымыздың амандығы. Осы қиындықты еңсеріп алайықшы! Нақты, үлкен өзгерістерді талап ететін мәселе көп. Уәде беремін, үнсіз қалмаспыз». – деп жазды депутат өзінің Instagram парақшасында.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Астана қаласының төңірегіндегі Тайтөбе ауылына барып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетті.

«Елдегі ахуал елді елең еткізіп, түн ұйқысын төрт бөлді. Апат айтып келмейді. Су алапат күш. Табиғат ананың дегені болып жатыр.Ең бастысы халықтың амандығы. Бас аман болса, қалғанын ел болып еңсеріп, қайта қалпына келтірерміз. Президентіміз де ешкім көмексіз қалмайды, материалдық, инфрақұрылымдық тұрғыдан көмек алатынын жеткізді. Дүние қалпына келеді! Бастысы адам шығыны болмасын деп тәлейік. Су сейілер емес. Елдің әр жерінде қолдан келгенше алдын алу шаралары жасалуда. Әріптестерім өңірлерге бөлініп, халықпен тікелей байланыста жүр. Дәл қазір мен жүрген жерде (Астана маңындағы Тайтөбе ауылы) 35 техника жұмылып, 1200 метр тосқауыл қойылды. 6000 құм толтырылған қаптар дайындалған. Бұндай шаралар қабылданбағанда бұл ауылды да су басар еді», - деп жазды ол өзінің Instagram парақшасында.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев те аймақтардағы ахуалдың қиын екенін айтып, осындай кезеңде жұмыла көтерген жүк жеңіл екенін ескеріп, қолау білдірді.

«Апатпен бетпе-бет қалған бауырларыма амандық тілеймін. Қарғын судан жапа шеккен әр отандасымызға өтемақы толық төленуі тиіс», - деп жазды ол өзінің Instagram парақшасында.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.