Алматы облысы зардап шеккен өңірлерге 60 тонна гуманитарлық көмек жібереді

Azattyq Rýhy

Зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету үшін 300-ден астам ерікті жұмылдырылған

Алматы облысы зардап шеккен өңірлерге 60 тонна гуманитарлық көмек жібереді
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Алматы облысы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 60 тонна гуманитарлық көмек жинады. Волонтерлер заттар мен азық-түліктерді жинау пункттерінен қоймаларға тәулік бойы тасымалдауға көмектесіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бүгін аптадан бері тоқтаусыз жиналып жатқан гуманитарлық көмекке қосылғандар қатарында «Мейірім» қайырымдылық қоры, «Байсат», «Өжет» сауда үйлерінің кәсіпкерлері, «RG Brands», «Mareven Food», «Агрофирма КЕРУЕН» ЖШС бар.

Зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету үшін 300-ден астам ерікті жұмылдырылған. Осы еріктілердің ішінде 150 адам гуманитарлық көмек жинаумен, тағы 100 адам сұрыптаумен айналысты.

Сонымен қоса, гуманитарлық көмекті елдің батыс өңіріне «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тегін тасымалдауды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының Алматы облысындағы филиалы тасқыннан зардап шеккен аймақтарға 1 мыңнан аса аяқ киім жолдады.

«AMANAT» партиясы су тасқынынан зиян шеккендерге алғашқылардың бірі болып көмек қолын созып, гуманитарлық көмек жинауды бастап кетті.

Айта кету керек, табиғи апат аймағындағы тұрғындарға көмек қолын созамын деген волонтерлер мен облыс тұрғындары үшін «Алатау жастары» КММ облыстық волонтерлік штабы сағат 09:00-ден 18:30-ге дейін жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында өңір тұрғындары халыққа қажетті заттарды өткізе алады. Қабылдау пункті Қонаев қаласындағы Центральная көшесіндегі 19 үйде орналасқан.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.