Көкшетауда кәріз жүйесіндегі апат салдарынан бірнеше шағынаудан сусыз қалды
Апаттың қашан жойылатыны белгісіз

Көкшетауда кәріз жүйесіндегі апаттың салдарынан қаланың бірқатар шағынаудандары сусыз қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорнының мәліметінше, қаланың бірқатар шағынаудандары кәріз насос станциясындағы (КНС-7) апатты жағдайға байланысты судан ажыратылған.
Апаттың қашан жойылатыны белгісіз, тек бүгін, 5 сәуірде таңертең екі сағат уақытша су жіберу көзделген.
«Көкшетау Су Арнасы» 5 сәуір сағат 07:00-ден 09:00-ге дейін Сарыарқа, Центральный, Васильковский, Көктем шағынаудандарында, Абылай хан даңғылына су беру қалпына келетінін хабарлайды. Апатты жағдайға қатысты сағат 09:00-ден бастап жөндеу жұмысын жалғастыру үшін аталмыш шағынаудандар судан қайта ажыратылады», - делінген коммуналдық қызметтің хабарламасында.