БҚО-ның 4 ауданында төтенше жағдай жарияланды
БҚО-да полиция қызметкерлері көктемгі су тасқынынан зардап шеккен аудан тұрғындарына көмектесіп жатыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Орал қаласында және БҚО-ның 4 ауданында көктемгі су тасқынына байланысты жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Облыстың бірқатар өңірінде қардың қарқынды еруінен және бірнеше күн жауған жауын-шашын салдарынан елді мекендерде су тасқыны болды.
Осыған орай ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Батыс Қазақстан облысына іссапармен барды. Роман Скляр БҚО әкімі Нариман Төреғалиевпен бірге су тасқыны болған аумақтарды тікұшақпен аралап, жағдайды өз көзімен көрді.
Қазіргі уақытта облыстың Теректі, Сырым, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында, сондай-ақ Орал қаласында тасқынға байланысты табиғи сипатта төтенше жағдай жарияланған. Су басқан аумақтар көп мөлшердегі жауын-шашынның салдарынан ұлғая түскен. Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жүзеге асырылып жатыр, 1065 адам эвакуацияланды.
Аудандарда полиция қызметкерлері тарапынан эвакуацияланған елдімекендердегі азаматтардың мүлкін қорғау үшін тәуліктік кезекшіліктер орнатып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары атқарылып жатыр.