Көші-қон процесін бақылау өзекті мәселелердің бірі болып саналады
Қарағанды облысының прокуроры Бауыржан Мырзакеровтің төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің уәкілетті органдар тарапынан көші-қон заңнамасы нормаларының сақталуы мәселелеріне қатысты кезекті отырысы өтті. Бұл туралы Azattyq Ruhy облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шараға облыстық соттың судьялары, облыс әкімдігінің өкілдері, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ облыстың басқа да мемлекеттік органдарының басшылығы қатысты.
«Бүгінгі таңда көші-қон процесін бақылау өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Прокуратура органдары облыс аумағында тиісті рұқсатсыз жұмыс істеп жүрген шетелдік азаматтарды анықтады.
Кеңес мүшелері уәкілетті органдардың жұмысындағы кемшіліктерді, сондай-ақ елден шығару туралы сот актілерін орындау және елде болуға рұқсат алу кезінде туындайтын проблемалық мәселелерді талқылады.
Прокуратураның үйлестіруімен шетел азаматтары уақытша тіркелген орындарды тексеру, халықпен профилактикалық жұмыстарға қоғам мен БАҚ-ты кеңінен тарту шараларын жүргізу жоспарланды.
Үйлестіру кеңесінің шешімімен көші-қон сұрақтары бойынша өзара іс-қимыл мәселелерін шешудің ведомствоаралық кешенді жоспарын әзірлеу ұсынылды», - делінген ведомство хабарламасында.