Ауылдарға бөлек қаражат бөлу: Павлодар облысында бюджеттің жай-күйі талқыланды
Павлодар облысында бюджеттің 64 пайызы әлеуметтік салаға арналған
Павлодар облысында бюджеттің 64 пайызы әлеуметтік салаға арналған. Ал қалған 36 пайызы ғана аудандар мен қалаларды дамытуға жұмсалады. Бірақ бұл елдімекендердің жыртығын жамауға жетпейді. Бұл туралы Сенаттың бюджет және қаржы комитетінің көшпелі отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жиында өңір атқамінерлері халық қалаулыларына бюджет туралы кодекске өзгертулер енгізгенде, осы мәселелер қаралса деген өтініш білдірді.
Бұдан бөлек жиында төртінші деңгейлі бюджеттің де жай-күйі сөз болды. Бұл ретте облыс әкімі Асайын Байханов ауылдарға бөлек қаражат бөлу тәжірибесін енгізуді ұсынды. Тәжірибе Павлодар қаласындағы 7 ауылға қолданылған. Қазіргі уақытта өз нәтижесін берді.
Комитет мүшелері сапар аясында өңірдегі бірқатар ауылдарды аралап, төртінші деңгейлі бюджеттің орындаудағы түйткілдермен танысты.
«Төртінші деңгейлі бюджеттің жеткіліксіз екенін жақсы білеміз. Жаңа бюджет кодексінде осы мәселелердің шешілуін қарастырамыз. Бірінші заң қабылдамас бұрын жергілікті жерлерде ауылдар бюджеттің жағдайы қалай, соны білуіміз керек. Сол үшін арнайы өңірге келдік. Осындағы жағдаймен танысып, заң қабылдар кезде түйткілдерді ескеретін боламыз», - деді Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешов.