Қосшыда су тасқынының алдын алу жұмыстары қалай жүріп жатыр
Қала әкімінің өкімімен жедел штаб құрылды
Бүгін баспасөз туры барысында қала аумағынан қар шығару және көшелерді шайған суды тарту жұмыстары көрсетілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Биыл жауын-шашын өткен жылға қарағанда екі есе көп түсті. Оның үстіне өткен күз жаңбырлы болды. Дегенмен біз су тасқынына қарсы жұмысты қаңтар-ақпанда қолға алдық, яғни қаладағы қарды шығару жұмыстары жүргізілді. Қаланың өз полигоны бар, қыс бойы екі мезгілде қар шығарылып тұрды. Осылайша, қыстыгүні 161 мың текше метр қар шығарылды», - деді Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Әсет Мұқанов.
Оның айтуынша, биыл 28 ақпанда қала әкімінің өкімімен су тасқынының алдын алу бойынша жедел штаб құрылған. Ал 20 наурыздан бастап күн жылып, қардың еруіне байланысты аталған штаб тәулік бойы жұмыс режиміне көшкен.
«Қазір қала аумағында қар жоқтың қасы, енді қар суын тарту, су алған көшелерді тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Көшелерді су шаюдың жоғары көрсеткіші алдыңғы күні байқалды, қазір суды тарту жұмысы жартылай аяқталды, енді 1-2 күнде толық бітеді деп отырмыз. Яғни, тасқын судың деңгейі төмендеді. Жедел штаб күні-түні жұмыс істеп тұр, тұрғындар су басу қаупі төнген жағдайда қайда хабарласу керек екенін біледі, ұялы телефон, әлеуметтік желі арқылы хабарласа алады. Сонымен қатар инертті материалдар жеткізіліп жатыр», - дейді ол.
Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары қыс бойы және көктемгі жауын-шашыннан кейін көшелердің шұрқ тесігін қайта жөндеу жұмыстары қарастырылып отырғанын тілге тиек етті. Қазір конкурс мәреге жетіп қалды, келесі аптада мердігер компания белгілі болады.
«Ауа райы жылынғаннан кейін көшелердегі шұңқырларды жөндеу жұмысына кірісеміз. Яғни, Қосшы қаласының көшелерімен қатар, Лесная поляна тұрғын үй алабының көшелері де жөнделеді. Қаланың аумағы күн сайын өсіп келеді, сәйкесінше атқарылатын жұмыстың көлемі де арта түсуде. Қардан тазарту, көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарын ерте қолға алдық, жеке сектордың тұрғындарына хабарландыру, ескерту берілді, яғни қарды үйдің ауласынан шығарып қоюы керек. Кейбір тұрғындар хабарландыруға уақытылы құлақ түрмейді, дегенмен біз ол тұрғын үйлер мен көшелерді қардан тазартып жатырмыз. Жеке секторлармен қоса, бизнес субъектілері де қардан уақытылы тазарту талабына бағынбайды, олардың арасында айыппұл арқалағандар бар. Қазіргі уақытта қала көшелерінен 71 мың текше метр шайылған су тартылды», - деді Әсет Мұқанов.
Спикердің мәлімдеуінше, көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын қыста қардан тазарту жұмысынан бастау керек. Қосшы қала мәртебесін алғалы бері қар тазалау және су тасқынының алдын алу жұмыстары ерекше назарда. Шаһарда 40-тан астам қар таситын және 20 су таситын автокөлік бар, одан бөлек инженерлік техникалар қарастырылған, сондай-ақ 61 адам еңбек етіп жатыр.
Айта кетсек, Қосшы қаласында қардан тазарту және су тасқынының алдын алу жұмыстарына бюджеттен 370 млн теңге бөлінген.