Шымкентте коронавирустан көз жұмған науқас туралы толық ақпарат жарияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Науқаста вирустық гепатит, бауыр циррозы сияқты қосымша аурулар болған

Фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы КВИ-ден көз жұмған азамат туралы толық ақпарат жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Науқас 1954 жылы туған, зейнеткер. Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, Жетісай қаласының тұрғыны. Азамат Жетісай қаласындағы орталық аудандық ауруханада коронавирус жұқтырған науқаспен жақын байланыста болған. 1 сәуірде ер азаматта коронавирустық инфекциясы анықталды. Ол 4 сәуір күні жағдайының нашарлауына байланысты санавиация арқылы Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылып, жансақтау бөліміне жатқызылды. Түскен кезінде науқастың жағдайы ауыр болып, ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған», - деп жазылған хабарламада.

Науқаста вирустық гепатит, бауыр циррозы, қант диабеті, созылмалы панкреатит сияқты ауыр қосымша аурулар болған. Жүргізілген реанимациялық іс-шараларға қарамастан, науқас қайтыс болды.