42 500 теңге 2,7 миллионнан астам адамға тағайындалды
Әлеуметтік төлемге барлығы 6 миллионнан астам өтініш түскен

2,7 миллионнан астам адамға төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем тағайындалды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
«2 млн 708 мың 666 адамға ТЖ кезеңінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлем тағайындалды. ТЖ кезеңінде табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау үшін 5 млн 334 мың 224 азаматтан барлығы 6 млн 837 мың 393 өтініш келіп түсті. Осылайша, 1 млн 503 мың 169 қайталанатын өтінім тіркелді», – деп жазылған хабарламада.
Бірегей өтініштердің ең көп саны: Алматы облысы – 667 116; Алматы қаласы – 651 903; Түркістан облысы – 631 598; Нұр-Сұлтан қаласы – 418 768; Шымкент қаласы – 339 709. Өңірлер бойынша келесі облыстардың тұрғындарына жәрдемақы ең көп тағайындалған: Алматы облысы – 411 573; Түркістан облысы – 300 996; Алматы қаласы – 291 439.