Қазақстан мен Қытай тараптары логистика инфрақұрылымын ынталандыру жөнінде келісті
Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен келген еліміздің көлік саласына жауапты министрі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының көлік-логистикалық инфрақұрылымымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев бастаған қазақстандық делегация Үрімші қаласының бірқатар көлік инфрақұрылымы нысанын, оның ішінде халықаралық құрғақ портты, экспресс жеткізу орталығын (Jitu Express), «Қытай-Еуропа» теміржол экспресс хабын және Шыңжаң сауда-логистикалық корпорациясының кеңсесін аралады.
«Сонымен қатар көлік министрлігінің басшысы «Қытай Халық Республикасы-Еуроодақ» бағыты бойынша «Тяньшань» мерейтойлық 150 контейнерлік пойызын жөнелту рәсіміне қатысты. Салтанатты рәсімде «Бір белдеу – бір жол» бастамасы жүзеге асырылып келе жатқан 10 жылдың ішінде (2013 жылдан бастап) Қытайдан батыс бағытта 85 мыңға жуық контейнерлік пойыз жөнелтілгені, оның 80%-ы Қазақстан арқылы өткені атап өтілді», - делінген хабарламада.
Жоғарыда аталған нысандарды аралау барысында тараптар логистика инфрақұрылымын ынталандыруға және жақсартуға бағытталған бірлескен инвестициялық жобаларды ұйымдастыру жоспарларын өзара келісті.