«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы креативті жастардың көбеюіне әкелді - сарапшы
Сарапшы билік пен қоғам арасындағы байланыс механизмдері жетілдірілді деп санайды
Әділетті Қазақстанда әр азаматтың дауысы естілуі керек. Еліміздің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формуласы Әділетті Қазақстанның негізін нығайта түсті.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында «біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз» деп атап өткен болатын.
«Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз»,- деді Президент.
Қазіргі күні Әділетті Қазақстанның «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасамы қалай іске асып жатыр? Президент айтқандай жергілікті билік, әкімдік халық үніне құлап асып жатыр ма? Мемлекет басшысының жолдауы айтылған тапсырмалардың орындалу барысы жайлы «Қазақстандық қоғамдық даму институтының» сарапшысы Жақсыбек Жиеналиевтен Azattyq Ruhy тілшісі сұхбат алды.
Жақсыбек мырза, әділетті Қазақстан деп жатады. Сіздің ұғымыңызда еліміз қандай Қазақстан болу керек?
- Мемлекет басшысы өз жолдауында «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының іске асуының негізгі үш бағытын айқындап бергені белгілі. Атап айтатын болсақ, Әділетті мемлекет, Әділетті экономика және Әділетті қоғам. Қазіргі таңда осы бастамаға сәйкес саяси, әлеуметтік-эконмикалық реформалардың қарқынды жүріп жатқанын көріп отырмыз. Әділетті Қазақстан – бірінші кезекте заңның үстемдігі, азаматтарымыздың құқықтарының жан-жақты қорғалуы, адал сот төрелігі, құқық қорғау органдарының тиімді жұмысын білдіреді. Сонымен қатар еліміздегі маңызды саяси-экономикалық шешімдер ашық әрі әділ болу деп білемін, ең бастысы - қоғам мүддесі мен талабын ескере отырып қабылдануы тиіс. Осы салалардағы жаңа реформалар құқықтың шынайы үстемдігін қамтамасыз етеді деп ойлаймын.
Ал халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидасын қалай түсінеміз? Құлақ асады дегенге сенуге бола ма?
- Бұл саяси коммуникация, яғни кері байланыс тетіктері нақты жұмыс істейтін мемлекет. Президент 2019 жылы «Азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел әрі тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру» міндетін қойды. Содан бері билік пен қоғам арасындағы байланыс механизмдері жетілдірілді. Қоғамның сұранысына толық жауап бере алатын, халықтың мүддесін жоғары қоятын мемлекеттік аппараты қалыптастыру бағытында әртүрлі байланыс арналары жұмыс істейтінін білеміз. Негізгі принципі үкімет пен қоғам арасындағы ашық әрі айқын байланыс арналарын құруды көздеп, шешімдерді әзірлеу және қабылдау процесінде азаматтардың дауысын естуге және ескеруге бағытталған. Бүгінде халықтың пікірлерімен ой алмасу үшін қолжетімді және ыңғайлы платформалар «Ашық үкімет», «Е-Otinish», «Ашық диалог», «Ашық бюджеттер» алаңдары бар. Мұның барлығын тиімді саяси шешімдер шығару және азаматтарымыздың басқару үрдісіне тікелей қатысуына мүмкіндік береді.
Мемлекеттік органдардың басшыларына тиесілі түрлі интернет-платформалар, блогтар, әлеуметтік желілердегі парақшалар, телеграм арналар халық үнін естуге қалай көмектесіп жатыр?
- Соңғы жылдары мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік желілерде белсенділігі артқаны байқалады. Жергілікті атқарушы биліктің де әлеуметтік желілерде көтерілген мәселелерге қатысты кері байланысы, орын алған проблеманың оң шешімін табуы көптеп кездеседі. Мемлекеттік органдар әлеуметтік желілерді тиімді қолдана біліуі керек, қоғамдық коммуникация үшін оның орны маңызды. Көптеген мәселелердің алдын алуға болатын маңызды құралы ретінде көремін.
Азаматтар мемлекетке «өз үінінің жеткенін» қалай біле алады, қалай сендіруге болады?
- Жоғарыда атап өткендей халыққа жәрдемдесетін түрлі құралдар бар. Алайда, билік пен халық арасындағы ашық кездесулердің орны бөлек, басшылықтардың қоғаммен кеңесуі, сауалнамалар арқылы, жалпы жиналыстар, онлайн форумдар және басқа да қатысу тетіктері арқылы азаматтардың мемлекетке «дауысының жеткенін» көре аламыз. Мәселен, Ұлттық құрылтай мүшелері қозғаған нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып жатқандығы, есірткімен күрес, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, баспана мәселесі секілді мәселелерін шешуге қатысты арнайы жоспар қабылданғаны белгілі.
Қазіргі шенеуніктер мен бұрынғы, Ескі Қазақстанның шенеуніктері деп бөліп жатады. Сіз олардың арасынан айырмашылық байқайсыз ба?
- Шенеунік деп, басқару саласында қызмет етіп, сол үшін жалақы алатын, мемлекеттік ұйымдар қызметкерлерінен тұратын әлеуметтік топты айтамыз. Эволюциялық жолмен дамып келе жатқан мемлекетте ескі мен жаңа шенеуліктердің арасында айырмашылықтың болуы дұрыс құбылыс. Қазіргі шенеуліктердің көпшілігі тәуелсіз Қазақстанда білім алған жастар. Оның ішінде мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасының түлектері, Президенттік жастар кадр резервінің жаңа буын өкілдері, халық сайлаған ауыл-аймақтағы жас маслихат депутаттары, бір сөзбен айтқанда жаңашыл ойлайтын, аға-буын өкілдерімен тәжіребие алмаса алатын, кретивті жастардың үлесі артып келеді.
Сіз үшін нағыз халық үніне құлақ асатын мемлекет қандай болуы керек?
- Халық үніне құлақ асатын мемлекет, қоғамдық мәселелерге дұрыс әрі жылдам жауап беретін, Қазақстан Республикасының әрбір азаматының пікірін бағалайтын, ескеретін мемлекетті жатқызар едім