Елордада екі супермаркетке айыппұл салынды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағасын қымбаттатқан

Фото: ашық дереккөзден

Елордада бірінші қажеттіліктегі азық-түліктер бағасын 60 теңгеден аса қымбаттатқан екі супермаркетке айыппұл салынды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Прокуратура, әкімдік және мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінен құрылған шұғыл топтар барлық сауда нысандарын күнделікті аралауда. Мақсат – дүкендер мен супермаркеттердің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағасын сақтауын қадағалау. Осылайша, кезекті тексеу кезінде екі супермаркетте 03.04.2020 жылғы №23 «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағасын енгізу туралы» бірлескен бұйрығының ережелері бұзылып, бағаның қымбаттауы анықталды», - деп жазылған ақпаратта.

Атап айтқанда, шекті бағасы 197 теңгеден аспауы тиіс 1-ші сортты ұнның килограмы 230 теңгеден сатылған. Ал шекті бағасы 307 теңгелік күріш – 1 кг үшін 371 теңгеден, шекті бағасы 481 теңгелік күнбағыс майы – 505 теңгеден сатылған. 

Алматы ауданы әкімдігімен ұсынылған деректер негізінде 14 сәуір күні сауда субъектілеріне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, оларға 100 АЕК немесе 277 800 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.