3 жыл ішінде Қазақстан Литваға құқықтық көмек көрсету бойынша 135 өтініш жіберген

Автор: Аманалина Тоғжан

Қазақстан мен Литва арасындағы өзара көмек көрсету туралы заң ратификацияланады

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Сенат отырысында «1994 жылғы 9 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасының арасындағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мақұлданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Заңның мақсаты 1994 жылғы 9 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шарттың ережелерін тараптардың әрқайсысын тағайындалған орталық органдар, олардың функциялары және байланыс деректері туралы дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етуге қатысты 4-бапқа өзгеріс енгізу арқылы жетілдіру болып табылады.

«4-бапқа енгізіліп отырған өзгеріске сәйкес, Шарт аясында құқықтық көмек көрсету кезінде уағдаласушы тараптар тағайындалған орталық органдары, олардың функциялары мен байланыс деректері туралы бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етуге міндеттеледі. Мысалы, Қазақстан Республикасы Шарттың 4-бабында қарастырылған өзгерістер пайда болған жағдайда Литва Республикасын дереу хабардар етуге міндетті.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 2020-23 жылдары аралығында құқықтық көмек көрсету бойынша екі ел арасында 225 өтініш түсіп, сұрау жіберілді, соның ішінде Литва тарапынан - 90, Қазақстан тарапынан - 135. Екіжақты сұраныстардың барлығы орындалған», - деді сенатор Мұрат Қадырбек.

Шарт Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы құқықтық қатынастар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша өзара түсіністік пен егемендікті құрметтеу негізінде құқықтық көмек көрсетуге бағытталған.

Авторы: Айжан ТЕМІРХАН