Елімізде кәсіпкерлердің құқығын қорғау күшейтілмек

Темірхан Айжан

Заң жобасында азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығы қалай қорғалатыны айтылған

Елімізде кәсіпкерлердің құқығын қорғау күшейтілмек
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Елімізде кәсіпкерлердің құқығын қорғау күшейтілмек. Бұл туралы заң жобасы Мәжіліс депутаттарының талқысына ұсынылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Заң жобасында пысықталған мәселелердің бірі – азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейту.

«Онда келесі шаралар қарастырылған: азаматтарды қылмыстық қудалау шеңберіне негізсіз тартуды болдырмау; заңбұзушылықтарды және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің толықтығын қамтамасыз ету үшін істі «пысықтауға» прокурорға қайтару мүмкіндігін болдырмау; кәсіпкерлік субъектілерін ревизиялау және тексеру ісін жүргізуді прокурормен міндетті түрде келісуді белгілеу; тінту, жеке тінту және алуды жүзеге асыру бойынша санкцияның 10 күндік мерзімін белгілеу», - деді министр.

Сонымен бірге, заң жобасында бұрын «қорғалуға құқығы бар куә» болған адамның айғақтарын дәлел ретінде пайдалануға тыйым салу қарастырылған.

«Адамдардың өліміне байланысты емес аса ауыр қылмыстардың жекелеген түрлері бойынша кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу мүмкіндігін беру; қорғалуға құқығы бар куәні сараптамаға бастамашылық жасауға құқығы бар адамдар шеңберіне біріктіру; жазаның мөлшерлес болуын, сондай-ақ бас бостандығынан айырудың баламасын қамтамасыз ету мақсатында кейбір қылмыстық құқықбұзушылықтар бойынша еселенген айыппұлдарды енгізу», - деп жалғастырды Әділет министрі.

Депутат Нұртай Сабильянов министрден заң жобасында көрсетілген азаматтарды негізсіз қылмыстық қудалауды болдырмау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде қылмыстық істерді негізсіз тіркеуді қалай алып тастауға болатынын сұрады.

«Заң жобасындағы жаңалықтың бірі – азаматтарды негізсіз қылмыстық қудалауға тартуды болдырмау. Бұл туралы Әділет министрлігінің баяндамасында айтылды. Іс жүзінде қылмыстық істерді тергеу органдары тәуелсіз зерттеулерде расталмаған мәліметтерді көрсетіп, рапорт беру арқылы қылмыстық іс қозғайды. Кей жағдайда бұл азаматтардың құқығын бұзуға алып келеді. Осыған байланысты сұрақ туындайды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде қылмыстық істерді негізсіз тіркеуді қалай алып тастауға болады, қалай жоққа шығарылады? Азаматтардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету үшін қандай пәрменді тетіктер көзделеді?», - деп сұрады депутат.

«Расында да бұл көкейкесті мәселе болып тұр. Сондықтан біз құқық қорғау органдарына баянаты негізінде егер қылмыстық әрекеттің нәтижесінде бір экономикалық шығын келтірілмеген, дәлелдейтін құжаттар болмаса, онда осы баянат негізінде қылмыстық істі қозғауға рұқсат берілмейді деген нақты шектеу қойылып отыр. Біздің пайым бойынша бұл Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне баянатты тіркеуге жол бермейді және азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға көмектеседі», - деді депутаттың сауалына жауап берген Азамат Есқараев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.