Көрмеге 40-қа жуық тарихи соғысты айшықтайтын фотолар қойылады
Астанада түрік елінің «Чанаккале жеңісі» атты көрмесі ашылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Чанаккале жеңісі − бүкіләлемдік тарихи маңызды зор оқиға. Бұл жеңіс әлем елдерінің күш тепе-теңдігін өзгертті. Оған қол жеткізу үшін түрік халқы мыңдаған зиялылары мен ғалымдарынан айырылды. Бұл майданда ерікті әскерлер мен мұғалімдер, жасөспірімдер мен студенттер, Анадолыдан, Ыстамбұлдан ағылған барлығы 400 000-ға жуық әскердің 250 000-ы тәуелсіздік жолында жандарын пида етті.
Антанта одақтас мемлекеттерінің Дарданелл бұғазы арқылы Стамбулды басып алу операциясын тоқтату мақсатында 1914 жылдың 3 қарашасы мен 1915 жылдың 18 наурызы аралығында аталған бұғазда әскери-теңіз шайқастары жүргізілді. Чанаккале соғысы барысында түрік халқы толығымен өз елін қорғау позициясында болды. Теңіздегі қақтығыс қорғаныс шебіндегі түрік жауынгерлерінің жау әскерін тоқтату мақсатындағы күресінің нәтижесінде аяқталды. Чанаккале соғысының бірінші кезеңі болған әскери-теңіз шайқастарынан нәтиже ала алмаған Британдық және француздық әскери-теңіз күштері 1915 жылы 18 наурызда шегінуге мәжбүр болды.
«Чанаккале жеңісі» түрік халқының күші мен жеңіске деген сенімінің сарқылмайтындығын көрсетті. Бұл жеңістің ең маңызды аспектілерінің бірі - ұлттық күрес рухы алауының жағылуы, түрік елінің тарихи сахнасына Мұстафа Кемал Ататүрік сияқты ұлы тұлғаның шығуы болып табылады.
Бойындағы көшбасшылық қасиеттердің арқасында Ататүрік Чанаккале шайқасы кезінде ұлттың назарына ілікті. Осы жеңістен кейін ұлт -азаттық күрес жалғасып, 1923 жылы 29 қазанда Мұстафа Кемал Ататүрік басшылығымен Түркия Республикасы құрылды. Осы тұрғыдан алғанда «Чанаккале жеңісінің» ұлт іргетасының қалануындағы ролі орасан зор. Сол үшін де Мехмет Акиф Ерсой, Фарук Нафиз Чамлыбел, Хайдар Тұран және Али Осман Йылмаз сияқты ақындар бұл жеңісті өлеңдеріне ерліктің дастаны ретінде арқау еткен. Түрік халқы жыл сайын «Чанаккале жеңісін» аса үлкен құрметпен еске алады.
Биыл «Чанаккале жеңісіне» 109 жыл толады. Осы орайда, Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы мен ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік Әскери-тарихи музейі бірлесе отырып, Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен «Чанаккале жеңісі» атты фотокөрме ұйымдастырады. Көрмеге Түркияның Бас қолбасшылық мұрағатынан алынған 40-қа жуық тарихи соғысты айшықтайтын фотолар қойылады.
«Чанаккале түбіндегі шайқас әлемдік ауқымда жеңіспен аяқталған, ерекше мәнге ие оқиға болып табылады. Осы орайда, Астанадағы Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы Түркияның Қазақстандағы Елшілігі, ТРТ каналымен бірлесе отырып, 14 наурызда елордадағы ҚР ҚК мемлекеттік әскери –тарихи музейде «Чанаккале жеңісі» атты фотокөрменің ашылу рәсімін ұйымдастырады. Елорда тұрғындары көрмені 20 наурызға дейін тамашалай алады.
Шараны Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрі маршпен ашып, «Белес» тобы «Чанаккале әні» мен шайқасқа қатысқан көкөрім жастарға арналған «15 жасар бозбала» шығармаларын халық назарына ұсынатын болады. Көрменің ашылу салтанатына ҚР қорғаныс министрлігі басшылары, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Парламент және зиялы қауым, бұқаралық ақпарат өкілдері, студенттер қатысады деп күтілуде.
Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарын 14 наурыз күні сағат 15.00-те Республика даңғылы, 2 мекенжайында орналасқан ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайында өтетін «Чанаккале жеңісі» көрмесінің тұсаукесеріне шақырамыз», - деді Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы директорының міндетін атқарушы Алмагүл Исина.