Енді қазақстандықтар үшін YouTube Premium қолжетімді болмақ

Бұл – елдің цифрлық инфрақұрылымын дамыту мен оны жаһандық желіге біріктіруде жасаған елеулі қадам 

Енді қазақстандықтар үшін YouTube Premium қолжетімді болмақ
Фото: instagram.com/bagdatmussin

Қазақстандықтар үшін енді YouTube Premium қолжетімді болмақ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл сүйінші жаңалықты ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин желідегі парақшасында жариялады.

«Өткен жылдың наурыз айында Кремний алқабына жұмыс сапары барысында мен Youtube өнімдерін басқару жөніндегі вице-президент Адам Смитпен кездесіп, сервистің Қазақстанда іске қосылуын талқылаған едім. Ал бүгін мен сіздермен керемет жаңалықты бөліскім келеді. Қолданушылар мен контент жасайтындарға жаңа мүмкіндіктер ашатын YouTube Premium енді Қазақстанда», - деп атап өтті Бағдат Мусин.

Оның айтуынша, бұл оқиға – елдің цифрлық инфрақұрылымын дамыту мен оны жаһандық желіге біріктіруде жасаған елеулі қадам.

«Басқа қызметтермен қатар YouTube Premium-ді қолдану бейне мен музыкалық мазмұнға жарнамасыз шексіз қол жетімділікті, бейне материалдарды офлайн режимде көру үшін оны жүктеу мүмкіндігін және басқа қосымшаларды қатар қолдану кезінде оны фондық режимде де тыңдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, қазір цифрлық экономиканы дамыту мен Қазақстандағы жергілікті контент-жасаушыларды қолдау мүмкіндіктері күн тәртібінде екенін атап өткім келеді», - деп жазды ведомство басшысы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.