Екі оқушы мен мұғалім қаза тапқан жол апаты: Ақтөбеде жүргізушіге сот үкімі шықты
Қаза тапқан оқушылардың бірі кінәлі деп танылған жүргізушінің қарындасы болған
Ақтөбеде оқушыларды олимпиада апара жатып, апатқа ұшыраған көліктің жүргізушісіне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қайғылы оқиға кезінде үш адам, мектеп директорының орынбасары мен екі оқушы қаза тапқан болатын. Қаза тапқан оқушылардың бірі – кінәлі деп танылған жүргізушінің, яғни рөлде отырған мұғалімнің қарындасы болған.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырығна ауданаралық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотта анықталғандай, 2023 жылғы 19 желтоқсанында «Toyota» автокөлігін «Самара – Шымкент» тасжолымен басқарып келе жатып, тасжолдың 1140-шақырымында, басқару жүйесіне ие бола алмай жолдың қарама-қарсы бағытымен жүріп келе жатырған жүк автокөлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан автокөлік салонындағы үш жолаушы оқиға орнында қаза тапты және бір жолаушының денсаулығына ауыр зиян келген.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында абайсызда 3 адамның өлiмiне әкеп соқтырғана жол қозғалысы ережелерін бұзды деген айыппен берілген «Ш»-ға қатысты үкім жарияланды ( ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігі).
Мемлекеттік айыптаушы тағылған айыпты толық қолдап, соттан «Ш» 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы өзіне тағылған айып бойынша кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінді.
«Жаза тағайындау барысында қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының жас балаларының болуын, бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылмағанын, кінәсін мойындап, шын ниетпен өкінуін таныды. Сотпен қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай анықталған жоқ.
Сот Ш.-ны КК-нің 345-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», - делінген сот хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
«Сонымен қатар сот Ақтөбе облысы ПД мен облыстық білім басқармасы басшылығы атына аудандық бөлімдердің жауапсыздығы мен тиісті бақылаудың болмауына байланысты жекеше қаулылар шығарды», - делінген хабарламада.