СҚО-да бюджет қаржысын жымқырған мәслихат депутаты ұсталды - Антикор
Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қызметкерлері облыстық мәслихат депутаты Павел Булаевты ұстады. Бұл туралы Qazaqstan Media жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол бірнеше жылдан бері Петропавл әкімдігіне қарасты «Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар» КМК басқарып келеді.
Басылымның мәліметінше, коммуналдық кәсіпорынның орынбасары әрі директоры Павел Булаевтың ұсталғанын Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет растаған. Олар бұл іс оның негізгі қызметіне қатысты екенін атап өтті.
«Бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлады СҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті.
Павел Булаев бір жыл бұрын облыстық мәслихаттың депутаты болғаны айтылды. Ол бір мандатты №13 аумақтық сайлау округі бойынша «Ақ жол» партиясынан сайланған.