Алматыда коронавируспен күреске 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген

Алайда, медицина қызметкерлерін коронавирус жұқтырудан қорғайтын киімдер әлі жеткіліксіз

Алматыда коронавируспен күреске 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген

Алматыда коронавируспен күресуге және оның алдын алуға жергілікті бюджеттен үш рет, Үкіметтен екі рет ірі көлемде қаржы бөлініп, жалпы сомасы 1 млрд 947 млн теңгені құрады,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевқа сілтеме жасап.

Алайда, осыған қарамастан,  қаладағы медқызметкерлерге әлі де болса қорғаныс киімдері жетпей жатыр. Содан болса керек, соңғы тәулікте Денсаулық сақтау басқармасы 27 медперсоналдың COVID-19 вирусын жұқтырғанын анықтады.

«Үкімет резервінің бірінші траншынан қала 73 миллион теңгеден астам қаражат алды. Алматы қаласы әкімдігінің резерві есебінен обаға қарсы костюмдер мен респираторларға қосымша 94,5 миллион теңге бөлінді. Үкімет резервінің төртінші траншынан 1,3 миллиард теңге бөлініп, оған медицина қызметкерлері үшін жеке қорғану құралдарын, дезинфектанттар, антисептиктер мен коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді жеткізуге шарттар бекітілді», - деді Тілеухан Әбілдаев

Жергілікті бюджеттен қосымша 460 миллион теңге медицина қызметкерлерінің жүріп-тұруына және тамақтануына бөлінсе, бесінші рет аударылған 20 миллион теңгеге тепловизор сатып алынған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.