Карантин әсерінен ірі қалаларда ауа тазарып қалды – БАҚ

Автор: Azattyq Rýhy

Алайда, экологтар мұны уақытша құбылыс деп отыр

COVID-19 вирусымен күрес мақсатында жарияланған карантин қоршаған ортаға оң әсерін тигізе бастағандай. Бұған дейін түтінге оранған қалаларда ауа айтарлықтай тазарған. Бұл жайында әлемдік БАҚ беттерінде жиі жазылып жүр.

The Guardian басылымының хабарлауынша, әлемдегі ең лас қалалардың көшін бастайтын Делидің (Үндістан) ауасы тазарғанына жергілікті тұрғындар әлі сене алар емес. Себебі, мұндай өзгеріс қалада соңғы онжылдықта болмаған. Әдетте, ауаның ластану көрсеткіші (AQI) мұнда 200-ден 900-ге дейін жетіп жатса, қазір 20-ға дейін төмендеген. Оған ұдайы жүріп тұрған 11 млн автокөліктің, сондай-ақ, зауыттар жұмысының тоқтауы әсер еткен секілді.

Дели

Ал, Джаландхар қаласының (Үндістан) тұрғындары ауа тазарғаннан кейін, 200 км қашықтықтағы Дауладхар тауларының шыңдарын 30 жылдан кейін бірінші рет көргендерін айтып отыр.

Джаландхар

Өткен айда ғана коронавирус емес, лас ауаның салдарынан мектептерін жауып тастаған Таиланд астанасы Бангкокта да қазір өзгеріс байқалады. Қызығы сол, қазір қалада ауа тазарғанымен, балалар карантин салдарынан сабаққа бара алмайды, тұрғындарға ашық аспан астында қыдыруға рұқсат жоқ.

Бразилияның ең ірі қаласы Сан-Паулуда да қазір ауа едәуір тазарып қалған.

«Ауа, сөзсіз, бұрынғыдан таза. Біз бұл сәтте карантиннен кейін қандай көлік құралын пайдалану керек екенін ойлануымыз керек», - дейді қала тұрғыны Даниель Гуг.

Ауадағы өзгеріс туралы әлеуметтік желіде Колумбияның Богота, Кали қалалары және АҚШ тұрғындары да жарыса жазып жатыр.

NASA-ның мәліметінше АҚШ-тың солтүстік-шығысында азот диоксидінің атмосферадағы көлемі былтырғы наурыз айымен салыстырғанда 30%-ға азайған. Ауаның тазарып қалғаны Сиетл, Лос-Анжелес, Атланта, Нью-Йорк, Чикаго қалаларында да байқалады.

Нью-Йорк

Ауаның ластануы жөнінен әлемде алғашқы жиырмалыққа кіретін Қазақстанда да карантинге байланысты өзгерістер байқалғаны анық. 22 наурызда Алматы жабылып, көліктердің көбі қаланы тастап кеткенде, тұрғындар түтіннен ашық аспанды суретке түсіре бастады. Әдетте қалада аспан ұдайы тұманданып тұратын.

Бірақ экологтар карантин біткеннен кейін зауыттар іске қосылып, автокөлік қозғалысы қалпына келген соң, ауа бұрынғыдан да қатты ластанады деп қауіптенуде. Себебі, өнеркәсіп орындары жоғалтқан шығындарын өтеп алу үшін өндіріс деңгейін күшейтеді. Мысалы, Қытайда қаңтар айының соңында коронавирустың таралуы шекті деңгейге жеткенде, ауаның ластануы 25%-ға төмендеген. Бірақ наурыз айынан азот диоксидінің көлемі қайта арта бастады. 

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан