Алматыда тағы 27 медқызметкер коронавирус жұқтырды

Араларында аяғы ауыр әйел бар

Алматыда тағы 27 медқызметкер коронавирус жұқтырды
Almaty.tv

Бұл тек соңғы бір тәулікте Алматыда тіркелген жағдай. Жалпы, 13 сәуірде Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 172 адамға жетті.

Бүгін қаупті індетті жұқтырған медицина қызметкерлерінің ішінде 21 әйел болса, қалған алтауы ер адам. Оның ішінде аяғы ауыр келіншек те бар. Екі науқастың халі ауыр. Оларға полисегментті пневмония диагнозы қойылған.

«Коронавирус анықталған 20 қызметкер – шұғыл медициналық көмек көрсетуді жалғастырған қалалық орталық клиникалық аурухананың қызметкерлері. Тағы 7 адам – Балалар жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлері. Олар 4 сәуірде алғаш рет тапсырған, бірақ тест теріс нәтиже көрсеткен», - деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Аталған жағдайдан кейін қалалық клиникалардың барлық қызметкері коронавирусқа қарсы міндетті тексерулерден өтеді.

Қазіргі уақытта инфекциялық стационарда 122 адам жатыр. Олардың ішінде 89 науқастың жай-күйі – қанағаттанарлық, 8 адамның жағдайы – ауыр. 25 ересек адамның жағдайы – ауырлықтың орташа дәрежесінде. Ем алушылар арасында 3 жүкті әйел бар.

«47 ересек және 2 бала сауығып шықты, екі адам қайтыс болды. Провизорлық орталықтарда 186 адам бар, оның ішінде 10-ы бала, карантиндік оқшаулауда – 426 адам, үй карантинінде – 6199 адам жатыр», - деді басқарма басшысы

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.