2024 жылы 2000-ға жуық ауылдық мектепті осы әдіспен интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған
Еліміздегі шалғай ауылдарда орналсқан мектептерді интернетпен қамтамасыз ететін Starlink жабдығының алғашқы 500 данасы Қазақстанға жеткізілді. Бұл туралы Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Алматыға жабдықты қабылдау барысын арнайы тексеру үшін келдім. Келесі аптада Түркістан және Ақмола облыстарындағы Starlink орнатуға толық дайын мектептерге жабдықтарды жеткізу басталады. Аталған облыстардың әкімдіктері барлық дайындық жұмысын жақсы жүргізді. Қалған өңірлерге 10 күннен кейін келетін келесі кезекте жеткізіледі. Барлығы 20 күн ішінде 2000 жинақ келеді, олар елдегі 2000 шалғайдағы ауыл мектебін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді», - деп жазды министр Мусин.
Оның сөзінше, бұл мемлекет басшысының шешімінің арқасында жүзеге асуда.
Айта кетейік, биыл қазан айында Starlink жүйесін пайдалана отырып, шалғайдағы 10 мектепті интернетке қосу бойынша пилоттық жоба басталды.
2024 жылы 2000-ға жуық ауылдық мектепті осы әдіспен интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған.